9.02.2022, 16:10
Оқылды: 84

Қаратөбе ауданы әкімінің есебі Егіндікөлден басталды

Қаратөбе ауданы әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуі жылдағы дәстүрге сай ауданның солтүстігіндегі қос округ Егіндікөл және Қоскөл ауылдарынан бастау алды.

Егіндікол сход (5)

 Есептік кездесуде аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы алдымен ауылдық округтегі әлеуметтік нысандардың жұмыстары турасында арнайы дайындалған стендтермен танысып шықты.

Егіндікөлде өткен жиында округ әкімі Ермек Сайнов ауылдық округте жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.

Ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына шағын кәсіпкерлік саласының тигізетін әсері зор. Егіндікөлде биылғы есеп бойынша 93 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Аталған кәсіпкерлік субъектілерінде 75 адам жұмыспен қамтылған. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2021 жылы 4 жеке кәсіпкер 21 млн теңге және бір қожалық АКК арқылы 30 млн теңге көлемінде несие алып, жеке кәсіптерін дамытуда. Сонымен қатар былтырғы жылы округте бір мейрамхана, екі дүкен ашылып, өз жұмыстарын жасауда.

Егіндікол сход (7)

Кездесу барысында барлық сала бойынша жасалынған жұмыстарды баяндаған округ әкімі Ермек Бекболатұлы шешімін таппай отырған күрмеулі мәселелерді де атап өтті.

– Қаңтар айының басында бір жұма бойы электр энергиясының болмауына байланысты қыр басындағы құдықтың суының таусылуы және орталықтағы құдықта да судың болмауы ауыл тұрғындарына қиындық туғызды. Осыған байланысты құдықтарға су жіберуге жаңа құрылғы алынып берілсе.

Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округтеріне электр энергиясы Шыңғырлау ауданынан келеді. Шыңғырлау ауданына қарасты Сегізсай елді мекеніні мен Егіндікөлдің ара қашықтығы 12 шақырым. Сол аралықтағы электр желілерінің жүргізілгеніне 50 жылдай уақыт өткен. Бүгінгі таңда әбден ескірген. Сол электр желілеріне күрделі жөндеу жүргізілсе, - деп ұсынысын жеткізген округ әкімі көше шамдарын жүргізу жобасы Егіндікөлде де жүзеге асса және ауыл тазалығын сақтау бағытында орталықтағы көшелерге қоқыс салатын контейнерлер орнатылса деген пікірін де айтып өтті.

Егіндікол сход (1)

Округтегі жылдық есеп жиынында сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев өткен жылы ауданда атқарылған толайым жұмыстар туралы айтып, аталмыш округтегі халықтың әл-аухатын көтеру мақсатында алдағы уақытта атқарылуы тиіс маңызды істерге тоқталып, өз ойын ортаға салды.

– Аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға үлкен көңіл бөлініп келеді. Ауданымызда 419 шаруа қожалығы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында қызмет атқаруда.

Жыл қорытындысымен аудандағы мүйізді ірі қара – 38 379 басты, қой мен ешкі 82 822 басты, жылқы – 12 621 басты, түйе – 10 басты, құс саны 9601 құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9,6 млрд. теңгені құрап отыр.

Бүгінгі таңға ауданда 23 шаруашылық асыл тұқымды 4672 бас МІҚ малын, 2 шаруашылық 130 бас асыл тұқымды жылқы, 2 шаруашылық 1611 бас асыл тұқымды қой малын өсірумен айналысады, – деген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы Егіндікөл халқын алаңдатып отырған түйткілді мәселерге байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атап өтті.

Есепті кездесуде сөз сөйлеген ауыл тұрғыны Өтеген Тасимов іргелес жатқан Қоскөл ауылына дейінгі жолдың сапасы нашарлығын айтып, бұл жолға ағымдағы жөндеу жасалса деген ойын жеткізсе, Бақытжамал Бекқазиева аудан, округ әкімдерінің есепті кезеңде жасаған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, жақсы деген баға берді.

Ауылдық округте өткен есепті жиынға аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов, бірқатар бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Жиыннан кейін аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале