22.03.2024, 13:24
Оқылды: 17

Қаратөбе ауданында әз-Наурыз – ынтымақ мерекесі тойланды  

Қаратөбе ауданының орталығында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы театрландырылған көрініспен ашылып, «Наурызым – құтты жылым» атты концерт жиналған ағайынды бірден баурап әкетті.

 Наурыз мерекесі (1)

Басты айта кетерлігі, өңірде Наурыз тойы 14 наурыз – Көрісу күнінен басталды. Осы аралықтарда орталық алаңдағы киіз үйлерде аудандағы мекемелер ұжымдарының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне арналған шаралар ұйымдастырылды.

Наурыз мерекесі (8)

Әсем безендірілген сахна маңына жиналған ауыл тұрғындарына тәттілерден шашу шашылып, тайқазанда дайындалған наурыз көжеден дәм татқызылды.

Мереке барысында Қыдыр ата бата беріп, көшпенді қазақ халқының салт-дәстүрлерінен хабар берер көрініс қойылды.

Наурыз мерекесі (5)

Ал, Ұлыстың ұлы күнгі мерекеде аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев мерекелік шараға қатысушы ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін жолдады.

Наурыз мерекесі (10)

 –  Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз-Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын адам баласының да жан-дүниесі жаңғыра түседі. Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі  дау-жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген.

Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым-қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр.

Әз-Наурыз мейрамында баршаңызға дендеріңізге саулық, мол бақыт және жаңа жеңістер тілеймін, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

Наурыз мерекесі (6)

Одан соң аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары мереке шырайын әсем әндермен өрнектеді. «Ауыр әуендері» халықтық фольклорлық ансамблі «Ата толғауы» күйін орындаса, ансамбльдің сүйемелдеуімен Ә.Меңдіғали «Маржан қыз» әнін шырқап, «Алау» би ансамблі «Асатаяқ», «Қазақ» билерін мың бұрала биледі. Облыс, ауданға танымал әншілер өнер көрсетіп, «Наурыз көктем», «Туған жер», «Қазақтың бәрі туысқан», «Ақбұлақ» сынды әндерден шашу шашты.  #nauryznambqo

Наурыз мерекесі (13)

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале