21.02.2024, 16:00
Оқылды: 18

«Қаратөбе дауысы. Балалар» жобасының жеңімпазы аңықталды

Қараша айынан бері жылдың ең үздік жобасына айналып, Қаратөбе ауданы сахнасында бүлдіршіндерімізге арналған алғашқы жоба «Қаратөбе дауысы. Балалар» жобасы мәреге жетті.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шарада қазылар таңдауы бойынша төрт финалистің арасынан Кемеңгер Темірбек үздік шығып, жеңімпаз атанды.

IMG_3360

Саралжындық Кемеңгер Темірбек Мерей Амангелдиевтің тобында өнер көрсетті. Жоба жеңімпазы шешуші кезеңнің бірінші айналымында Ғ.Құрманғалиевтің «Ақ сұңқар» әнін орындаса, екінші айналымда тәлімгерімен Е.Серікбаевтың «Мейлі» әнін үздік орындап, бас жүлдеге тігілген 100 000 теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды.

Жобаға 54 үміткер қатысты. Жобаның басты ерекшелігі қатысушылар вокалдық қабілеттеріне қарай таңдалып, 3 кезеңнен сүрінбей өткен төрт балғын финалдық кезеңде бақ сынады. Төрт тәлімгер өз шәкірттерін таңдап, оларды жеңіске жетелеу үшін барын салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

IMG_3394

Жобаның шешуші кезеңінде республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Таңат Жексенбаев, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Рүстем Ақташев, әнші Жарқын Байтеміров қазылық етті.

Айта кетейік, үш кезеңнен сүрінбей өткен Шахризада Қайратқызы (Нұржан Салауат тобынан), Ермұханбет Әлібек (Әділғазы Меңдіғали тобынан) Дана Алмас (Нұргүл Нұрбекова тобынан), Кемеңгер Темірбек (Мерей Амангелдиев тобынан) финалға жолдама алған болатын.

Кешке ақын, хит әндердің авторы, қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәурен Ибатұлы, «Қаратөбе дауысы» әнінің авторы, ақын, әнші, сазгер Әділ Ерікқалиұлы арнайы қатысса, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы жартылай финалисі Нұрлы Мұстафа әсем әндерін орындады.

 

 

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

IMG_3423 IMG_3439 IMG_3462 IMG_3469

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале