7.05.2024, 17:00
Оқылды: 29

Қаратөбеде ардагер ұрпағына құрмет көрсетілді

Ұлы Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде  қаратөбелік соғыс және еңбек ардагері, қазыналы, шежірелі қария Қажыгерей Қайырғалиевтың кенже ұлы, ардагер ұстаз, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Ғалымгерей Қайырғалиевпен кездесу өтті.

Ғалымгереймен кездесу 1

Аталмыш мерекелік іс-шарада ең алдымен кітапханашы Нұржауған Жәңгірқызы ҰОС ардагері, елге елеулі еңбек еткен, кезінде өнегелі өмірімен жерлестеріне кеңінен танымал болған Қажыгерей ағамызға арналған көрмемен таныстырды.

Кездесу кешін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин жүргізді.

Ғалымгереймен кездесу 2

Іс-шара барысында сөз алған Ғалымгерей Қажыгерейұлы әкесінің майдандағы ерліктері мен елге оралғаннан кейінгі жылдары жол бөлімінің басшысы болып қызмет жасаған кездерінде аудан халқына қиындық көрсеткен Қоскөл, Егіндікөл ауылдарына аудан орталығынан тіке шығатын жолды салу кезіндегі еңбектері, аудан орталығы іргесіндегі шағылдың арғы бетіндегі құмды алқаптың «Айқай шағыл» атануының тарихы туралы, анасы Нұрлығайым апайдың, ата-әжесінің, ағайындарының өмірінен сыр шертетін естеліктерін айтып берді.

– Әкем Қажыгерей Қайырғалиұлы 1905 жылы Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылының Өзек деген жерінде дүниеге келген. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Саратов қаласында автожолдар институтында оқып жүрген жерінен, 1942 жылы майданға аттанған. Майданда бөлімше командирі болған. 1943 жылы Брянск қаласындағы көше соғысы кезінде бірнеше дене жарақатын алып, Орынбор қаласында жеті ай госпитальда ем қабылдаған. 1944 жылы елге оралған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Ерен еңбектері үшін бірнеше төсбелгілермен марапатталған.

Соғыстан кейін автожолдар институтын тамамдаған соң, туған жері Қаратөбеге оралып, зейнеткерлікке шыққанша жол бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарды.

 Әкем марқұм сөзге шешен, тік мінезді, өзінің білгенін әрқашанда жария етуге жаны құштар, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болды.

Көзі тірісінде әкем «Қазір елімізде бейбіт өмір, қой үстіне бозторғай ұялайтын заман, елдің тыныштығы бірлікте. Келешек ұрпақ иманды болуы керек. Ол үшін әрбір адамның өтірік айтпауы, өзгеге қиянат жасамауы, әділетті болуы тиіс,–дейтін. Осы сөздерін біздің де санамызға жиі құйып отыратын.

Әкем, мен 13 жасқа келгенде дүниеден өтіп, өмірден ерте кетті.

Бала кезінен өнерге, спортқа, білімге құштар жан-жақты болып өскен Ғалымгерей ағамыз кездесу барысында жастарды қазіргі заманға сай білімді,тәртіпті, ұстамды болуға шақырды.

Іс-шара барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Жәнібеков мазмұнды кездесу өткенін, жастарға үлгі-өнеге болатын әкесі, соғыс және еңбек ардагері Қажыгерей Қайырғалиұлының өмірі туралы айтқан естеліктері үшін Ғ.Қажыгерейұлына ризашылықтарын білдірді.

Ағамыз кешке қатысушы жастардың сауалдарына жауап берді.

Ғалымгереймен кездесу 7

Ауданда бірнеше мекемелерде басшылық қызметте болған, еңбегі елге елеулі Ғалымгерей ағамызға іс-шараны ұйымдастырушылар атынан сый-сияпат және алғысхат табысталды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлы ағаның құрметіне домбырамен «Қазақтың жігіттері» әнін орындап берді.

                                                                        Ерболат Райсов,

                                                                        Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале