21.12.2022, 12:15
Оқылды: 38

Қаратөбеде «Балалар жылы» қорытындыланды

Кеше Қаратөбе ауданы орталығындағы мəдениет үйінде «Балалар жылын» қорытындылау салтанатына орай «Бала Fest» өнер фестивалі өтті. Аталмыш шарада шығармашылық жетістіктерімен көзге түскен ауданның жас өрендері өз өнерлерін ортаға салды.

4

 

Сахнадағы экраннан «Балалар жылы» аясында ауданда атқарылған жұмыстар мен өнерлі балалардың шығармашылық жолында қол жеткізген жетістіктері көрсетілді.

Қазақ елінің өнерін əлемге паш етер өнерпаз балғын жұлдыздар сахнада ән шырқап, би билеп, күй күмбірлетіп, өлең оқып, терме орындады. Концерттік бағдарлама аққозылық балғын өнерпаз Əйгерім Сансызбайдың «Мереке» əнін орындауымен бастау алды.

«Ақындар шеруінде» балалар өңір ақындарының өлеңдерін мəнерлеп жатқа айтып берді. Сулыкөлдік жас өрен Нұрəлі Жүсіпқали «Тəуелсіз қазақ елім», шөптікөлдік Аруна Тілекқайыр «Қазақстаным», қаратөбелік Арман   Лұқпан «Еңбек термесін», Альнура Сабыр «Томирис» биін орындап көрермен ықыласына бөленді. Қоскөлдік өнерпаз Мирас Сапар «Балбырауын» күйін, саралжындық балғын əнші Жанайым Ғаділше «Бақытты бала» əнін, ақтайсайлық Əлімбек Аманқос «Қос алқа» күйін орындады.

2

Ойыл ауданында өткен «Кішкентай ханшайым» байқауына қатысып, «Көрермен көзайымы» атанған өнер фестиваліне қатысушы ең кішкентай əнші, қаратөбелік Інжунұр Мусабек «Оқып, біліп үйренеміз» əнін шырқады.

Республикалық, жəне облыстық байқаулардың жеңімпазы «Керім-ай» халықтық би ансамблі корей халқының биін, «Бойтұмар» вокалдық аспаптар ансамблінің əншілері Кəкім Исмайл əлемге əйгілі болған əнші Виктор Цойдың «Группа крови» əнін, Сұлтан Сəлмен «Мұңайма» әнін орындап, көрермен көңілінен шықты.

1

Облыстық, республикалық байқаулардың лауреаттары атанып, ауданның абыройын асқақтатып жүрген Диас Пауеден мен Арман Лұқпан «Нұрымның термесін», қоскөлдік Айару Бақытжанова «Отан» əнін орындады. «Бала Fest» өнер фестивалі егіндікөлдік əнші Ақтолқын Қуанғалиеваның орындауындағы «Туған жер» əнімен мəреге жетті.

3

Аудан əкімі Қадыржан Сүйеуғалиев өнер фестиваліне қатысып, шығармашылық жетістіктерімен танылған бір топ балғын өнерпаздарды алғысхатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.

5

– Биылғы «Балалар жылы» табыстарға толы болды. Жыл басынан ауданда көптеген жұмыстар атқарылды. Ел ертеңі, болашағымыз  балаларымыз аман болсын! Балаларымыз шат-көңілде әркез үлкен жетістіктерге қол жеткізе берсін! Бар жақсылық балалар үшін!,  - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

 

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале