25.01.2018, 14:56
Оқылды: 58

Қаратөбеде бруцеллез ауруының өршуі тұрғындарды алаңдатып отыр

Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың халық алдындағы есепті жиыны Сулыкөл ауылдық округінде жалғасын тапты.

Биылдан бастап  төртінші деңгейлік дербес бюджетке көшкен Сулыкөл ауылдық округінің әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Бұл туралы Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса баяндап берді.

- Қалдығайты дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу биылғы жылға жоспарланып отыр. Өткен жылы Үшана, Төлен ауылдарындағы фельдшерлік пункттері газ желісіне қосылды. Үшана ауылындағы фельдшерлік пункті ғимараты «Kaz Constraction Group» ЖШС директоры Мұратбек Мұханбедиев демеушілігімен жаңадан салынып, іске қосылды.

Сулыкөл ауылдық округі көлеміндегі барлық әлеуметтік нысандар жылыту жүйесі газ желісіне қосылған. Қазіргі таңда табиғи газ желісіне округ бойынша 272 тұрғын үй қосылды, - деді әкім.

Сулыкөл ауылдық округінде ірі қара малы арасында бруцеллез ауруының өршіп тұрғандығы тұрғындарды алаңдатып отыр. Өткен жылы округ бойынша 275 бас малдан бруцеллез ауруы анықталған. Бруцеллез ауруына ірі қара малынан қан алу кесте бойынша ұзаққа созылу жайы қиындық тудырғанына шағымданған ауыл тұрғыны Нұрлан Тәшенұлы осы мәселенің шешімін табуға ықпал етуге өтінішін жеткізді.

Сонымен қатар округте дәріхананың жоқтығы, ауылдың шеткі көшелеріне көше шамдарын орнату, аудан орталығына қатынайтын жолды қыс мезгілінде күтіп ұстау мәселелері көтерілді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асантаев округ әкіміне, тиісті сала басшыларына туындаған мәселелер бойынша тапсырмалар берді.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале