23.09.2021, 14:48
Оқылды: 57

Қаратөбеде «Өнер барысы» өтті

Қыркүйек айының 22-сі күні Қаратөбе ауданы орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Өнер барысы – 2021» жобасы аясында спортты жанына серік еткен өнер қырандары арасында қазақ күресінен жарыс өтті.

CA7CCAFD-0FC3-423C-9DBB-BF0D8BF6B35C

Бұл - аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастырумен ауданда тұңғыш рет өткен мега жоба. Аталмыш жобаның мақсаты – қазақ күресін кеңінен насихаттау.

Қазақ күресі атадан келе жатқан ұлттық спорт түрі. Ұлттық спорттың бұл түрінен түрлі деңгейдегі жарыстарда әйгілі палуан, жерлесіміз Еңсеп Досқалиевтің ізбасарлары үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Доданың ашылу салтанатында аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданда алғаш ұйымдастырылған шараға қатысушы өнерлі жастарға сәттілік тіледі.

Қаратөбе балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жасұлан Ниязов палуандарды жарыс шарттарымен таныстырса, аталмыш мектептің бапкері Жақсат Қажымов сайысқа төрелік етті.

Сайысқа қайың-қаптал, нар тұлғалы ауданның мәдениет саласында қызмет жасайтын 10 палуан қатысты. Палуандар ең әуелі жарыс шартына сай жеребе суырды.

Жарысқа қатысушылардың әрқайсысының лақап аттары болды. Атап айтқанда, ханкөлдік Махамбет Әжіғали (Алаша), үшағаштық Қабылбек Шамғалиев (Құдияр), қаратөбелік Рүстем Ақташев (Барыс), қаратөбелік Азамат Жексенбаев (Джон Уйк), қаратөбелік Қуаныш Дүйсекеш (Жылқыайдар), саралжындық Азамат Әсемов (Қазақ), үшаналық Әмірхан Ғабибуллин (Бек), егіндікөлдік Бердіғали Жолдығали (Дәуқара), егіндікөлдік Айбек Жалмұханов (Сарықұл), алакөлдік Нұржан Салауат (Мұзбел) лақап аттарымен палуандар боз кілемде белдесіп, күш сынасты.

Сайыс қорытындысында «Барыс» лақап атымен боз кілемде мықтылық танытып, топ жарған аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Рүстем Ақташев «Өнер барысы» атанып, І дәрежелі диплом және 30 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Жүлделі екінші орынды егіндікөлдік Бердіғали Жолдығали, ІІІ орынды қаратөбелік Қуаныш Дүйсекеш қанжығаларына байлап, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және жиырма мың, он мың теңге ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен сыйлықтарды және жарысқа қатысушыларға алғысхаттарды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Меңдешов, «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиев, аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Нұрлыбек Айтқалиев табыстады.

Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

                                                                             

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале