5.05.2024, 17:00
Оқылды: 33

Қаратөбеде өнерлі өрендерді жинаған «Балдәурен» фестивалі өтті

Өнерге іңкәр өреннің алғашқы сахна мектебі ол – «Балдәурен» фестивалі. Талай жарқыраған жұлдыздардың талаптарын шыңдайтын, қанаттарын қатайта түсетін «Балдәуренге» айтылар ізгі тілектер қаншама.

Ғ.Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Шығармашылық байқауға аудан орталығынан және ауданға қарасты барлық округтерден келген сексенге жуық жас өнерпаз қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

Балдәурен (4)

 

Өнер бәйгесіне қатысушы жас талант иелерін аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Нұрлыбек Айтқалиев құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ауылдық жерлердегі жас дарындарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған фестиваль алты жанр бойынша ұйымдастырылды.

Балдәурен (8)

Балалардың бағын ашар фестивальде «Вокал» жанры бойынша «Ақ көгершін», «Көзімнің қарасы», «Ана-ұстаз» әндері, «Хореография» жанры бойынша «Көңілді сыныптастар», қазақ биі «Үкілі ару», «Шашу» билері орындалды. «Халықтық музыка» жанры бойынша «Балбырауын», «Шаңды жорық» күйлері, «Поэзия» бағыты бойынша көркемсөз оқушылар шеруі өтсе, «Домбырамен ән салу» жанры бойынша халық әні «Ақкербез» шырқалып, «Қыз-Жібек» жырынан үзінді айтылды, «Сән үлгісі» жанры бойынша түрлі материалдардан көйлек тігіп келген жас шеберлер көрермендерді тәнті етті.

Балдәурен (11)

Байқау қорытындысы бойынша «Вокал» жанры бойынша шөптікөлдік Мансұр Рүстембек, Асхат Бисембі, Аруна Тілекқайыр, Айжан Серікова, Мейрамгүл Амандық бас жүлдеге ие болып, биік белеске қадам басты.

«Хореогарфия» жанры бойынша Сулыкөл ауылынан келген «Еркеназым» би тобы топ жарса, «Халықтық музыка» жанры бойынша өз бағын сынаған Қаратөбе саз мектебінің шәкірті Болат Айқын Бас жүлдеге ие болды. «Домбырамен ән салу» жанры бойынша өнер көрсеткен егіндікөлдік Берікқызы Жангүлімге бас жүлде бұйырды. «Сән үлгісі» жанры бойынша бас жүлдені Балым Мерлан иемденіп, жеңімпаз атанды.

Балдәурен (14)

«Поэзия» жанры бойынша да жас таланттар өз өнерлерін көрсетіп бақтарын сынады. Осы аталым бойынша бас жүлдеге Қөскөл ауылынан келген өнерпаз Альбина Ғайса ие болып, 13-14 мамыр күндері Орал қаласында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтетін «Балдәурен» балалар шығармашылық фестиваліне жолдама алды.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале