27.09.2024, 20:00
Оқылды: 181

Қаратөбеде референдумға дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

AC4B5F5A-6D92-4DC7-81CB-D4AADFD22D76

– Бақытжан Қайырқұлұлы Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі Жолдауында қазан айында референдум өтетіндігі жөнінде айтқан болатын. Осыған орай ауданымызда дайындық қалай жүріп жатыр?

– Өздеріңізге белгілі, Президент Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қазан айында референдум өтеді деген болатын. Сол күні Мемлекет басшысы өзінің №636 жарлығымен 6 қазанға республикалық референдум тағайындады. Осыған байланысты референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген тұжырымдағы ел болашағына маңызды сауал шығарылды. Сайлау туралы заң бойынша республикалық референдум тағайындалғаннан бастап аудандағы сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды. Референдум комиссиялары референдумды дайындайды және өткізуді ұйымдастырады.

– Бақытжан Қайырқұлұлы жалпы референдум дегеніміз не, осыны түсіндіріп кетсеңіз?

– Республикалық референдум – Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру. Республикалық референдум ұғымы осы. Жалпы тәуелсіздіктің бүкіл кезеңінде Қазақстанда үш референдум өтті. 1995 жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы мәселе бойынша, 1995 жылғы 30 тамызда қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау туралы, 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумдар өтті.

– Күнтізбелік жоспарларыңыз бекітілді ме?

– Орталық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Қазір референдум комиссиялары осы күнтізбелік жоспар бойынша жұмысын жүргізіп жатыр. Учаскелік референдум комиссиялары жұмысын сайлаушылардың тізімін алғаннан кейін бастайды. Тізімді жергілікті атқарушы орган күнтізбелік жоспар бойынша 15 қыркүйекте берді.

– Референдумның басқа сайлаулардан айырмашылығы қандай?

– Референдумның өзге сайлаулардан айырмашылығы тағайындалғаннан кейін екінші күні үгіт-насихат жұмысы басталып кетеді.

Республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе бойынша жиналыстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi. Мәслихат, әкім сайлауларында бірінші үміткерлер тіркеледі. Тіркеліп болғаннан кейін ғана үгіт-насихат жұмыстары басталады ғой, сосын олардың сенім білдірген адамдары болады.

Референдумда кандидат немесе сенім білдірген адам деген жоқ. Референдум комиссияларының үгіт-насихатқа араласуға құқы жоқ. Референдум комиссияларына азаматтардың референдумға келіп дауыс беруіне ғана шақыру, 6 қазанда референдум өтетіні туралы ақпараттандыру құқы берілген. Үгіт насихат 5 қазанда аяқталады. Бүгінгі күнге 10 жерге «Әркімнің дауысы маңызды», «6 қазан – РЕФЕРЕНДУМ»деген бильбордтар ілінді. 19 жерде үгіт-насихат тақталары орналастырылды.

– Ауданда қанша референдум комиссиясы жұмыс жасайды?

– Аудан бойынша 1 аумақтық, 19 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс атқарады. Учаскелік референдум комиссияларында – 115 мүше, аумақтық референдум комиссиясында – 7 мүше, барлығы 122 референдум комиссиясы мүшесі бар. Босап қалған бес орынға биылғы 29 тамызда сессия шешімімен комиссия мүшелері енгізілді. Қазір бос орын жоқ. Осы 19 референдум учаскесі дауыс беруге қажетті құрал-жабдықтар, дауыс беру кабинасы, бюллетень салатын жәшіктермен толық қамтылған.

– 6 қазанда өтетін референдумда дауыс беру кезінде сайлаушыларға қолайлы жағдайлар жасалған ба?

– «ҚР Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының республикалық референдумды қамтамасыз ету деген 8-бабының 2-тармағында «Мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ меншiк нысанына қарамастан ұйымдар референдум комиссияларының қарамағына референдум әзiрлеу мен өткiзу үшiн қажет үй-жайларды, жабдықтар мен көлiк бередi» делінген. Осы заң бойынша аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер мен органдар, кәсіпкерлер жағдай туғызуға міндетті.

Бұл жөнінде 9 қыркүйек күні Қаратөбе ауданы әкімі Қадыржан Орынбасарұлының төрағалығымен өткен кеңесте тапсырмалар берілді. Референдум жақындағанда тағы да бір пысықтап кеңес өткізу жоспарда тұр. Референдум комиссияларының жұмыстарында тоқталыс болмауы тиіс.

Әрбіріміздің дауысымыз маңызды, сол себепті азаматтарымызды бір кісідей референдумға келіп дауыс беруге шақырамын.

Әңгімеңізге рақмет!

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале