Соңғы жылдары бизнесті дамыту мен кәсіпкерлік қызметті қолдау үшін бірқатар шара, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қаратөбе ауданында 182 адам «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант» бағдарламасымен грант ұтып алды. Соның бірі – Жанниет Қуанышқызы. Ол аудан орталығынан сұлулық салонын ашты.

- Елімізде кәсіп бастаушыларға барлығы жағынан мүмкіндік жасалуда. Соған байланысты кәсіп ашуға талаптанған жандарға грант бөлінді. Міне аудан орталығынан сұлулық салоны ашылып отыр. Халыққа сапалы қызмет көрсететін нысандар қашан да қажет, - деген аудан әкімі Жанат Асантаев жас кәсіпкердің ісіне табыс тіледі.

– Мамандығым тіс технигі бірақ студент кезімнен бастап маникюр жасаумен айналыстым. Бұрыннан сұлулық саласында жұмыс атқарғандықтан салон ашуды армандадым. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасымен 505 мың теңге грант ұтып алдым. Алайда бұл қаражат барлығына бірдей жетпеді. Сондықтан арманымның орындалуына отбасым мен жолдасым көмек көрсетті. Қазіргі таңда өзімді қосқанда 4 адам қызмет атқарамыз. Шаштараз, яғни ер адамдардың, әйел адамдардың шашын қию, бояу, бет әрлеумен қатар маникюр жасаймыз. Алдағы уақытта басқа да қызмет түрлерімен толығады, - дейді кәсіп иесі.

Енді қаратөбелік қыз-келіншектер шашын сәндеп, бет әрлеу үшін облыс орталығына бармай-ақ «№1 Сұлулық салонынан» сапалы қызмет алуға мүмкіндігі бар.

Тұрсынай Нағымова
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер