2.03.2022, 19:12
Оқылды: 100

Қаратөбеде тай жарысы мен жаппай көкпар өтті

Бүгін аудан орталығы Қаратөбе ауылы шетіндегі жазықтықта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 5 жылдығы және көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күніне орай жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлері жаппай көкпар мен тай жарысынан аудан біріншілігі өтті.

 WhatsApp Image 2022-03-02 at 19.51.22

Айтулы спорттық шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас шабандоздарға сәттілік тіледі.

 – Соңғы кезде ауданымызда ат спортымен айналысуға құштар жастар қатарының артып келе жатырғаны, тіпті мектеп жасындағы балалардың топ-топ болып көшеде атқа мініп жүретіні қуантады. Ат спортының аясын кеңейту бағытында ауданда үйірме ашылып, оны дамыту мақсатында жұмыс жүргізуге бюджеттен қомақты қаражат бөлініп келеді.

Наурыз мерекесіне орай ауданда облыстық деңгейде жарыс өтеді. Соған біздің шабандоздарымыз тыңғылықты дайындалып, жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы.WhatsApp Image 2022-03-02 at 20.02.43 (1)

Жарыстың бас төрешісі Қайырбек Наурызбайұлы ойын ережелерімен таныстырысымен-ақ,  тай жарысы басталды. Екі айналым бойынша 3 шақырым қашықтыққа жарыса шапқандар арасында лақап аты «Гүлсары» тайымен жас шабандоз Ернар Берікқали бірінші болып мәреге жетіп, жеңімпаз атанды. Жарыс жеңімпазы Ернар Берікқали 30 мың,  екінші орынды «Штурм» атты тайымен үшағаштық Дастан Құсан 20 мың теңгені иеленді. «Құлақасқа» тайымен үшінші орынды иеленген қаратөбелік Дәурен Жақсыбай 15 мың және  «Шаттық» атты тайымен төртінші орынға табан тіреген ақтайсайлық шабандоз Диас Нәсіретденов 10 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Тай жарысынан кейін жаппай көкпар басталды. Жаппай көкпарда ауыл жастары өздерінің мықтылығы мен шеберліктерін көрсетті. Серкені жерден іліп алып, алғаш салымды үшағаштық балуан Ерғазы Валери жасады.

WhatsApp Image 2022-03-02 at 19.52.50

Ойын тартысты өтті. Өзінің күштілігі мен ептілігін таныта білген шабандоздар қаратөбелік Дәулет Талғатұлы мен Ерғазы Валери үш-үштен салым жасап, көрермендер көңілінен шықты.

WhatsApp Image 2022-03-02 at 19.55.01

Аудан жастарының өнерін тамашалаған көрермендер алдағы уақытта олардың арасынан ат құлағында ойнайтын хас шеберлер мен мықты шабандоздар шығатындығына ниет білдіріп қол соғып, қолпаштап отырды.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале