14.09.2023, 19:13
Оқылды: 162

Қаратөбеде үлгілі отбасылармен кездесу өтті

Бүгін Қаратөбеде Отбасы күні мерекесіне орай көпке үлгі болып жүрген өнегелі жанұялармен тағылымы мол шара ұйымдастырылды. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде өткен жүздесуге аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев пен аудан жастары қатысты.

Үлгілі отбасылар (1)

Отбасыларында үлгілі тәрбие беріп, салиқалы ұрпақ өсіріп отыран жанұялармен кездесу барысында аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы:

– Халқымыз «Отан – қуат, отбасы - шуақ» деп тегін айтпаған. Әр елдің, әр мемлекеттің мызғымас беріктігі – әр отбасының мықтылығында. Сондықтан отбасы азаматтың тірегі ғана емес, қоғамның басты негізі болып табылады.

Ауданымызда өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін», - деп жылы лебізін жеткізді.

Өнегелі отбасылармен кездесу барысында отасқандарына 52 жыл болған Қожахметовтар отбасының отағасы Мәулен Қалиоллаұлы мен зайыбы Айғаным Төлегенқызы өмір жолдарынан, еңбектегі елеулі сәттерінен жастарға әңгімелеп берді. «Отбасы бақытына жетудің, өнегелі жанұя атанудың басты сыры неде?» деген сұраққа Мәулен Қалиоллаұлы инабатты ұл-қыз тәрбиелеу үшін үлгілі еңбек, ұлттық тәрбие, өз ісіне жауапкершілік таныта білу сынды қасиеттерді әр адам бойына сіңіру қажеттігін атап өтті.

Кезегінде сөз алған Жұмағалиевтер жанұясының отанасы Звайра Жақсығалиқызы 40 жыл ұстаздық етіп бақытын еңбектен тапқан жан. Марқұм отағасы Аманжол Жұмағалиұлы екеуі үш бірдей ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлдарынан он немере көріп отырған Звайра әже отбасы құндылықтары турасында әңгіме өрбітті.

Шараға арнайы шақырылған Қойшекеновтер әулетін ұстаздар династиясы деуге әбден болады. Бұл әулет өкілдерінің төртінші буыны қатарынан білім беру саласында қажырлы қызмет етіп келеді. Қойшекеновтер әулеті 2016 жылы «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінен жеңімпаз атанды. Байқаудың облыстық кезеңінде «Ұлттық дәстүрді ардақтаған отбасы» аталымын иеленді. Жүздесуде сөз сөйлеген Қойшекеновтер әулетінің отанасы Қамария Ғазымқызы жұбайы Тұрсынғали Қойшекенұлы екеуі 54 жыл отасқандарын, енесі Садап әжейден алған өнегесін әңгімелей отырып, ұрпақ тәрбиесі турасында ой-пікірімен бөлісті.

Үлгілі отбасылар (5)

Тағылымы мол шара соңында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев үлгілі жанұялардың қоғамдағы алар орыны ерекше екендігін атап өтіп, алғысхат пен сый-сияпат табыстады.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале