25.11.2019, 12:19
Оқылды: 200

Қаратөбеде жаппай көкпардан жарыс өтті

Қаратөбе ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында жаппай көкпар жарысы өтті.

qaratobe (1)

Ұлттық ат спортын дамыту және жастар арасында насихаттау бағытында ұйымдастырылған жарысқа Орал қаласынан, Ақжайық, Сырым аудандарынан және ауданның Үшағаш ауылынан ат құлағында ойнайтын білекті де жүректі 20 шабандоз қатысты.

Қазақтың қанына сіңген көкпар ойынының ашылу салтанатында Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мен ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Ержан Ерікұлы сөз сөйлеп ұлттық спортымызды насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Шараның ашылу салтанатында аударыспақтан Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, биыл Азия чемпионы атанған, ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер мектебінің оқытушысы Нармағамбет Иманғазыұлына «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиев алғыс хат пен сыйлық табыстаса, жарысты ұйымдастырушылар атынан Қайырбек Наурызбайұлы иығына шапан жапты.

qaratobe (2)

Жаппай көкпардың бір ерекшелігі қазандыққа салым салған әр ойыншы ұпайды өз атына жаздырады. Бұл ойында әркім өзінің күші мен қайратына, астындағы атының мықтылығына сенеді.

Көрермендердің қиқуы мен сайыс көрігін қыздырған шабандоздар салмағы 30-40 келі болатын серкеге таласумен біраз жүрді. Сырымдық Ақтілек Сәрсенов «Айқара» атты арғымағымен қарсыластарынан айласын асырып, алғашқы салымды салды.

Шамасы екі сағатқа созылған жаппай көкпарда барлығы 12 салым салынды. Әр салым салған шабандоз бен ат иесіне ақшалай сыйлықтар берілді.

Ұлттық спортымызды дәріптеп, көкпаршылардың басын қосқан дүбірлі доданың өтуіне қолдау көрсеткен Үшағаш ауылының 1988 жылы туған азаматтары мен «Жайна» шаруа қожалығының жетекшісі Наурызбай Сағындықовқа ұлттық спорт жанкүйерлерінің алғысы шексіз.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале