18.05.2022, 17:00
Оқылды: 2101

Қари дегеніміз кімдер?

Бұрын-соңды қари деген сөзді сырттан естігеніміз болмаса, оған аса мән бермегеніміз рас. Яғни ішкі дүниесіне үңіліп көрмеппіз. Биылғы Рамазан айында сол қари деген сөздің мағынасын толық ұғындық десек те болады. Тасқала аудандық мешіттің бас имамы Құлтөре Наджмидинов ораза кезінде жиналған жұртшылыққа сонау Түркияда білім алып жатқан қарилармен таныстырды. 

қарилар

Жалпы Қари дегеніміз – Құранды оқу ережелеріне (тәжуидке) сай оқитын діни қызметкер. Қариға қойылатын шарттарға Құранды бастан-аяқ жатқа білу, тәжуид ғылымын жан-жақты меңгеру, жеті қирағаттың мәні мен ерекшеліктерін, аяттардың тафсирі (тәпсірі, мағынасы) мен түсірілу тарихын толық білу жатады.

- Негізінен Шымкент қаласындағы медреседе оқып бастағанмын. Қазіргі таңда Түркияның Анкара қаласында білімімді тереңдетіп оқып жатырмын. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласының тумасымын. Түркияда қарилық оқуды жалғастырудамын. Жалпы Түркия өте әдемі елдердің бірі. Екі аптада бір демалыс беріледі. Сол кезде қаланы аралайтынбыз. Енді сұлулығына сөз жоқ. Қари деп Құранды жаттап жүрген адамды айтады. Ал Құранды жатқа оқитын адамды хафиз деп атайды. Жалпы бұған қызығушылығым бала кезімнен басталды. Оған өзімнің әкем себепші болды. Құранды дауыстап оқыған кезде әуенін ұната бастадым. Сол кезден бастап қызығушылығым оянды. Содан тоғызыншы сыныпқа келген кезде медресеге оқуға орналастым. Шымкент қаласында «Ықылас» қариларды даярлау орталығы бар. Ол жерде 4 жылдай оқып шықтым. Әр нәрсенің өз қиыншылығы болады екен. Құранды жатқа оқу оңай нәрсе емес. Бірақ бұның бәрі ниетке келіп тіреледі. Содан соң есте сақтау қабілетіңізге де байланысты. Бір адамдарда есте сақтау қабілеті жақсы болады да, тез жаттап, тез алып кетіп жатады. Ал бір адамдар да есте сақтау қабілеті төмен болады да көп қиналады. Қинала жүріп түбінде мақсатына жеткен адамдарға да сауап жазылады. Медресеге түскен кезде неше түрлі жағдайлармен оқуды тастап кеткендер де болды. Бірі есте сақтау қабілетінен қиналса, енді бірі қызығушылығын жоғалтып алып жатады. 602 беттік Құранды бір рет жаттап аяқтадым. Оны ұстазыма тапсырдым. Қазіргі таңда Құран кітапты қайталау үстіндемін. Құранды түгелдей жатқа айтып хафиз атануым үшін бір жылдай уақытты қажет етеді. Ол кезде еш алаңсыз тек соған кірісу керекпін. Мақсат қойсақ бәріне де жетуге болады. Тасқала ауданы маған ұнады. Жалпы батыс өңіріне алғашқы рет келіп тұрмын. Бір айдан бері тасқалалықтарға бауыр басып қалдық. Қонақжайлылығы да ерекше екен. Ауасы да керемет екен. Табиғаты да ұнады. Алғашқы ұстазым Камилжан деген азамат. Сол кісіден дәріс алып, білімімізді жетілдірдік. Тасқала ауданына келіп тарауых намазын оқыдым. Оқуымды аяқтаған соң, елге келіп шәкірт дайындаймын. Жалпы оразаның адам баласына берері мол. Өз-өзін ұстау, аузына берік болу мен нәпсісін тыю секілді нәрселерге жақын боласың. Сауапты істер атқаруға ұмтыласың. Бәрі де Алланың разылығы үшін екені айдан анық,- дейді қари Қанат Әділхан.

Түркия елінде білімін жетілдіріп жатқан қарилар келесі жылы тағыда Тасқала өңіріне келгісі келетіндіктерін атап өтті. Әңгімелесу барысында тасқалалықтарға бауыр басып қалғандықтарын да жасырмады. Жалпы жас қарилар ауданның атымтай жомарт жігіттері мен мешіт ұжымына алғысын білдірді.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале