1.10.2023, 22:32
Оқылды: 37

«Қариясын сыйлаған елде қасиет бар»

Бәйтерек ауданы орталығында 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай осындай атаумен салтанатты іс-шара өтті.

IMG-20231001-WA0069

Аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығыдағы іс-шараға аудан әкімі Марат Тоқжанов қатысып, қарияларды мерекемен құттықтады.

- Қазіргі таңда елімізде аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғауға үлкен мән беріп, Үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өркендеп, дамуына, бейбітшілікте тыныш өмір сүруіне өз үлесін қосқан ардақты да аяулы аға-апаларымыз қандай да болсын құрметке лайық. Алдыңғы буынның ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі. Бүгінгі мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қажымас қайрат, барлық жақсылықты тілеймін, -деген аудан әкімі аталмыш орталыққа өзінің алғыс хаты мен арнайы жиһаз алу үшін сертификат тарту етті. Аудан жастары мен «Зияткерлік» қоғамдық бірлестігі де мереке иелеріне естелік сыйлықтар табыстады.

IMG-20231001-WA0073

Іс-шара барысында аға буын өкілдері арасында дойбы мен шахматтан жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздар да, өзге де қатысушылар да марапатталды. Жергілікті өнерпаздар ескі де есті әндерді орындап, қарттардың көңілін жадыратты. Сондай-ақ мекемедегі арнаулы әлеуметтік қызмет алушы Баянсұлу Идрисова, Татьяна Костова, Надежда Рыжикова сынды әжелер трио болып, орыс халық әндері мен частушкаларды шырқады.

IMG-20231001-WA0080

Айта кетейік, 1992 жылы ашылған Бәйтерек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 20 орынға жасақталған. Бүгінде мекемеде егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге қабілетсіз жалғызбасты 19 қария бар. Мемлекет қамқорлығына алынған олардың ең үлкенінің жасы 97-де болса, кішісі – 70 жаста. Арнайы бекітілген талапқа сәйкес орталық тұрғындарына әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, психологиялық, еңбек, мәдени және құқықтық, экономикалық қызмет түрлері көрсетіледі.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале