5.05.2022, 17:15
Оқылды: 77

Қарулы күштер – азаттық сақшысы

7 мамыр еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке екені бәрімізге мәлім. Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына тура 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Мерекеге орай абыройлы қызметті атқарып жүрген Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, подполковник Қадырбек Бегмановпен сұхбаттасқан болатынбыз. Ендеше, сол сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

12

- Қадырбек Төребекұлы, Теректі ауданы бойынша көктемгі әскерге шақырту науқанына дайындық қалай өтуде?

- Егемен ел үшін ең маңызды нәрсе ол - тәуелсіздік. Әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен өлшенетіні мәлім. Ел армиясының қатарын сайдың тасындай сарбаздармен жасақтау – зор жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Алайда соған қарамастан біздің әскери күшіміз өте аз. Жыл сайын шақырылатын жүзге жуық адамның аудандық және облыстық медициналық комиссиядан өткеннен кейін тек 10-12% ғана әскер қатарын толықтырып отыр. Әскер қатарына шақыру жылына екі рет көктем, күз айларында жүргізіледі. Қазір сол науқан басталып кетті. Ауданымыздан 50 адамды әскерге жіберу жоспарлануда. Дәл қазіргі таңда 12 теректілікті жөнелттік. Әскерге баруға өтініш жазғандардың денсаулығын уақтылы тексеріп, шығарып салғанша бақылауда ұстаймыз. Денсаулығымен қатар, психологиялық тұрғыда дайын жігіттерді міндетті түрде Отан алдындағы борышын өтеуге аттандырамыз.

- Жыл сайын әскерге барғысы келмей сылтау іздеп жүретіндер қатары көбеюде. Не себепті деп ойлайсыз?

- Өкінішке орай, жастар арасында әскерден жалтару жиі кездеседі. Мұның басты себебі ата-анасының баланы дайындамауында деп есептеймін. Бала ер жеткен сайын әскерге баруы қажеттігі, Отан алдындағы борышын өтеуі міндет екені айтылу керек. Әкесі өзінің әскердегі оқиғаларын айтып, жігерлендірсе, тіпті жақсы. Балаға әскерде ең бірінші темірдей төзімнің талап етілетінін, ерліктің екінші орындағы нәрсе екенін ұғындыру аса маңызды. Сонда 18 жасқа жеткен жігіттер әскери қатаң өмірден қорықпаушы еді. Кейбір ата-аналар (әрине, көпке топырақ шашпаймын) баласының қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткергенін қаламай, қырық күндік қызметті мақұл көреді. Содан оң-солын танып болмаған бала «Әскерге барып, бір жыл қиындық көріп, уақытымды босқа кетіргенше, жұмыс істеп, жағдайымды жасап алайын» деген ойда қалады.  Қазақта «Балаңды аясаң, аяма» деген аталы сөз бар ғой. Қоғамда осы сөзді түсінбейтін немесе қате түсінетін жандардың көптігі өкінішті.

- Соңғы кездері әскерде болып жатқан жағдайлар жаға ұстатарлық. Айдың-күннің аманыңда сарбаздарымыздан айырылып жатырмыз. Бұған не дейсіз?

- Иә, соңғы кездері орын алған жағдайлар шынымен де қайғылы. Әскердегі баласынан хат-хабар күтіп жүрген ата-ана қаралы хабар алса, өте ауыр. Жоғардағы сөзімді тағы да қайталап өткім келеді. Меніңше, мұның бәрі психологиялық тұрғыда дайындықсыз барғанның салдарынан орын алып отыр. Көбі әскерге барғанда, мылтық атып, әуеден секіремін деп ойлайды. Әскер темірдей тәртіпті талап етеді. Айтылған сөз – заң. Бұйрық талқыланбайды. Соған бағына білу керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзін ұмытпау керек.

- Қадырбек Төребекұлы, бұл жерде ата-ана мен жастарды кінәлай беру орынсыз болар. Әлеуметтік желілерде, БАҚ таратқан ақпараттарда әскердегі қысым, зорлық, қылмыс жайлы жиі айтылып жүр. Содан кейін ата-ана баласын жібергісі келмеуі мүмкін. Немесе баланың қорқуы да заңдылық. Осы мәселе бойынша сіздің тараптан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Біз өз тарапымыздан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру шараларын өткіземіз. Әлеуметтік желелірдегі барлық ақпараттың рас емес екендігін түсіндіреміз. Мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәні - баланың әскер туралы ұғымын қалыптастыратын бірден-бір пән. Жалпы, ер жігіт болған соң, бір жылдық қызметті абыроймен өтеу қажет.

- Ауданымыздан әскерге аттанғандардың қауіпсіздігіне кепіл бола аласыздарма? Әскерге бармаудың жазасы қандай?

- Ел қауіпсіздігі - ерлердің мойнында. Жоғарыда атап өткенімдей, ауданымыздан көктемде 50 адамды әскерге аттандыру жоспарланды. Соның 12-сі бүгінде әскери борышын өтеп жатыр. Сарбаздардың қауіпсіздігіне бекітілген командирлері жауап береді. Әскер – өзгеше мектеп. Жауынгерлік өмірді көрген, әскери тәртіпті сезінген адам қор болмайды. Әскеріміз жаңарып, күш-қуаты да жылдан жылға нығаюда. Мемлекет әскери адамдарға бар жағдайды жасап отыр. Ата Заңымыздың 34-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бойындағы күш-қуатын бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз. Біздің және жас сарбаздарымыздың міндеті - қуатты Қазақстанымызды қорғауды қасиетті парызымыз санап, ел қауіпсіздігі үшін аянбайтын ұрпақ тәрбиелеу.

- Қадырбек Төребекұлы, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасуға келіскеніңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.

- Рахмет!

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале