28.04.2022, 15:00
Оқылды: 76

Қасиетті айдағы қайырымдылық кеші

Елімізде кең қолдау тауып, үлкен қозғалысқа айналған «Жомарт жүрек» акциясы аясында Теректі ауданы Ақжайық ауылында жергілікті мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қайырымдылық концерті өтті.

IMG-20220428-WA0029

Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылған сауапты шараның басты мақсаты – адамдарды жақсылық жасаудан жарысуға шақыру, қорғансызға қамқор болу, тағдыр тәлкегімен теперіш көргендерге жәрдем беру. Ал ең бастысы, өзгенің басына іс түскенде көмек көрсетуге дайын жомарт жандарды көрсету арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық пен қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді сіңіру.

IMG-20220428-WA0030

Бұл жолғы «Жомарт жүрек» концерті бүгінде ауыр дертке шалдығып, қаржылай қамқорлық пен қолдауға ерекше зәру болып отырған Ақжайық ауылының келіні Айзада Хайруллинаға арналды. 2021 жылдан бастап сыр берген сырқатына дауа іздеп бармаған тауы, баспаған жері қалмаған 33 жасар Айзада екі қыздың аяулы анасы. Жақ-бет бөліміне жергілікті артестезиямен түйіршік түсіріп, биоматериалды гистологияға жіберді. Бір айдан кейін тілде тыртық қалды. 18 мамырда тексерілуге барды. Дәрігерлер оған гистологиядан күдікті қатерлі тіл ісігі – ауыз қуысының үдемелі ісігі бар екенін айтты. Міне, содан бері Айзада білікті дәрігерлерден ем алып, тіршілік үшін күресіп келеді. Алайда ауыр дерттің бетін қайтару үшін қажетті қомақты қаражатты тауып бере қоюға қалтасы құрғыр жұқалау болып тұр.

«Көп түкірсе – көл» демекші, жерлестерінің тағдырына бейжай қарай алмайтын жанашыр адамдардың қолындағы барымен бөлісіп, ізгі ниет білдіруінің өзі үлкен көмек. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, концертке жиналған көрермен қарасы қалың болды.

Концерт барысында ауыл өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлері «Асыл анам», «Рахмет, саған, туған ел», «Анаға хат», «Жан ана», «Дәл мендей», «Ана», «Өміріңе немқұрайлы қарама», «Майда-майда», «Қайран, дүние», «Аққу», «Бақытты әйел», «Айналайын», «Жасырын сезім» сияқты әндерді шырқап, күйлерді толғады. Саз мектебі бишілер тобының билері, Ақжайық орта мектебінің оқушысы Іңкәр Зейнолланың монологы көрермендерді толқытып, жүрегін елжіретті.

IMG-20220428-WA0033

Концерт соңында Айзаданың анасы Шолпан мен енесі Болған көз жастарына ерік беріп, халыққа жүрекжарды алғыстары мен тілектерін жеткізді. Сонымен бірге, ауыл тұрғындары атынан зейнеткер ұстаз Мәруа Атамбозқызы Рамазан айында осындай қайырымдылық концертін ұйымдастырып, атсалысқан мәдениет қызметкерлеріне, ауыл өнерпаздарына алғысын білдіріп, Айзаданың туған-туыстарына сөзбен демеу көрсетті.

IMG-20220428-WA0036

Ал қайырымдылық кешінен түскен қаражатты тапсыру үшін сахнаға шыққан Ақжайық ауылдық мәдениет үйінің директоры Орынша Көшенқызы:

- Абайдың «Он төртінші қара сөзіне» жүгінер болсақ: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі». Бүгінгі қайырымдылық кешіне келіп, жақсылыққа тамшыдай болса да үлес қосып отырған әр адамға алғысымыз шексіз»,- дей келіп, концерттен жиналған 105 мың теңге қаражатты қос анаға табыстады.

 Ғазиза Рахметова,

Ақжайық ауылы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале