23.11.2023, 14:45
Оқылды: 33

Кәсіпкерлер жәрмеңке өткізді

Қазіргі уақытта кәсіпке талпынған әр азаматқа мемлекет мүмкіндіктерді молынан ұсынып отыр. Сондай демеудің бірі – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында берілетін шағын гранттар. Әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топқа берілетін қайтарымсыз қолдауға ие болған жандар ауданда баршылық.

IMG_5689

Айталық, биылдың өзінде Ақжайық ауданында 42 адам кәсібін бастауға грант ұтып алды.

Жуырда солардың біразы, яғни 20-ға жуық кәсіпкер өздерінің өнімдерін тұрғындарға ұсынып, жәрмеңке өткізді. Басты мақсат – қайтарымсыз грант қаражатына өз ісін бастаған жандардың жұмысын халыққа көрсету. Жәрмеңкенің ашылу салтанатына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Аэлита Әбілқайырова, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Сердалин, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

IMG_5720

– Экономиканы қай кезеңде де алға сүйрейтін – шағын және орта кәсіпкерлік. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі – ауданымыздың әр елді мекенінде кәсіпкерлікке бет бұрған жерлестеріміздің қатары қалыңдап келеді. Жалпы соңғы бес жылда 450 ақжайықтық 312 миллион теңге қайтарымсыз грант алған екен. Соның бірі – өздеріңізсіздер. Сүйікті іспен айналысып, өнім мен қызметіңізді халыққа ұсынып, кәсіпте бастапқы қадам жасаған сіздерге тек сәттілік, жемісті жұмыс тілеймін. Грант арқылы өз ісіңіздің негізін қаладыңыздар. Мұнымен шектелмей, бизнесті дамытуға ниет етсеңіздер, өзге де қолдау жетерлік. Мәселен, биыл облысымызда пилоттық режімде жүзеге асырыла бастаған «Ауыл аманаты» жобасы алдағы жылдары да жалғасады. Бұл бағдарламаның да беретін мүмкіндігін жіберіп алмаңыз, – деді Мұрат Амангелдіұлы.

IMG_5732

Осыдан кейін келгендер жәрмеңкені аралап, өздері қалаған бұйымдарын тиімді бағада сатып алды.

Жәрмеңкеде құс өнімдері, сүт, құрт, май, ірімшік, шұжық, фаст-фуд, кондитерлік өнімдер және қолөнер бұйымдарының барлық түрі болды. Сонымен қатар аудан орталығында жаңадан ашылған «Гаухар» салоны кішкентай балаларға тегін аквагрим жасады. Жаңабұлақтық кәсіпкер Жансерік Қабашев осы бағдарламаға алған қаражатына көктемде 100 қаз сатып алыпты. Жаз бойы асырап өсірген құстың етін ол осы күні саудаға шығарды. Оның айтуынша, құсты өсіруде ең тиімдісі қаз екен. Көктемде жұмыртқаны жарып шыққан балапанның салмағы 200-ақ грамм болса, бір айдың ішінде 1,5-2 келі жамайды, ал 3,5-4 айлық қаздың салмағы 5-7 келі тартады.

Ал Мерген ауылынан келген кәсіпкер Жадыра Марқабаева көп жерде пайдаға асыра алмай жатқан қой жүнін өңдеп, көрпе-көпшік жасауға кірісіпті. Әйгерім Ғарифолла гран қаражатына тігін құралдарын алып, ателье ашқан. Жайық ауылының тұрғыны Ербол Сәрсенов бөдене өсірумен айналысуда. Жұмыртқасы ем өнімге алыс-жақын ауылдан сұраныс көп.

– Еңбек бәрін алға сүйрейді. Мемлекет қазынасынан бөлінген қаражаттың бір тиынын шашау шығармай, кәсіпті бастауға жұмсағандарыңыз байқалып тұр. Осы арқылы әрқайсыңыз ауданның, өз ауылдарыңыздың экономикалық дамуына үлестеріңізді қосып жатырсыздар. Тың идеялар да бар екен. Әр қомақты бизнестің бастауында осындай стартаптар тұр. Әлемнің алпауыт компаниялары осындай шағын кәсіптен өріс алған, – деді жәрмеңкені қорытындылаған А.Әбілқайырова.

Осындай жәрмеңкені болашақта да ұйымдастыру жоспарланды.

Азамат Қанапия

Фотоға түсірген автор,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале