3.02.2017, 16:12
Оқылды: 53

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

Бүгін Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Бекқайыр халық алдында есеп берді. Есеп беру жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар және кейбір салалық басқарма басшылары қатысты.

 

Аудан әкімінің баяндамасындағы нақты деректерге тоқталсақ, аудан бюджеті 2017 жылғы 1 қаңтарға 6 131 043,3 мың теңгені құраған. Ауданның кірісі 2015 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға көбейген.

Бүгінде ауданда 572 шаруа қожалығы тіркелген. Төрт түлік малдан төл алу көрсеткіштері бойынша да өсім бар екен. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту қарқынды жүруде. Бүгінгі күні бағдарлама игілігін 274 ауыл шаруашылық құрылымы пайдалануда. Облыс бойынша төленген субсидия көлеміндегі ауданның үлес салмағы 14,1 пайызды құрап, облыс аудандары арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш көрсеткен.

Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 20 шаруашылық 192,6 млн. теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 шаруашылық 123,9 млн. теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы 65,7 млн. теңге несие алған. 203 млн. 376 мың теңге қаражатқа 29 трактор және 25 түрлі ауыл шаруашылық техникаларын лизинг арқылы сатып алыпты. Сондай-ақ өз қаражаттары есебінен 9 трактор, 11 ауыл шаруашылық техникаларын алуға қол жеткізген. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жыл басынан 70 млн. теңге қаражат бөлініп, 32 адам несиеге қол жеткізіпті.

Ауданда 1354 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген екен. Кәсіпкерліктің өсуіне бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде өз ісін ұйымдастыру үшін 3 кәсіпкерге 2 млн. 220 мың теңгеге мемлекеттік гранттар берілген. «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-мен жергілікті бюджет есебінен 4 жоба қолдау тауып, барлығы 22 млн. 600 мың теңгеге несиелендірілген. Мемлекеттік бағдарламалардан тыс аудан кәсіпкерлері 122 млн. 300 мың теңге құрайтын өз қаражаттарына 3 монша, 2 тойхана, жол бойындағы кафе, фельдшерлік пункт, 4 азық-түлік дүкені, асхана, құрылыс материалдарын сататын орталық, 2 аутокөлік жөндеу орталығы, аутокөлік жуу орны, тұшпара цехы және наубайхана нысандарын салып, 59 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Халық жиынында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, А.Хұсайынов атындағы орта мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Өтеп Төлеуов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Нығметов және аудандық мәслихат депутаты Марат Тоясов көршілес Ресеймен арадағы шекара бекетін ашу, Қазталов және Жалпақтал ауылдарындағы ауылішілік жолдарды салу, Жалпақтал колледжіне жаңа ғимарат және Жұлдыз ауылына жаңа мектеп салу, аудан орталығынан саз мектебі мен 22 пәтерлік тұрғын үй салу жөніндегі мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары Қараөзен арқылы өтетін Қайыңды, Жалпақтал ауылдарындағы көпірлердің сапасыздығы, Талдықұдық ауылында ұялы байланыс желісінің жоқтығы, азық-түлік бағасының қымбатшылығы, тұрғындар арасында ауыл шаруашылық кооперативтерін құруда насихат жұмыстарының төмендігі, тағы басқа толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салды.

Халық жиынында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов облыста атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде әңгімелеп, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жиынды қорытындалады.

Мөлдір Әнуарбек,

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале