25.09.2023, 23:51
Оқылды: 130

Кәсіптің көзін тапқан іскер азамат

Соңғы жылдары жастардың басым көпшілігі жұмысшы мамандықтарын емес, заңгер, қаржыгер сияқты «төрелік» саланы немесе күзет, такси жүргізушісі сынды жеңіл-желпі кәсіпті қалайтынын ешкім жоққа шығармас. Сондықтан болса керек, елімізде жұмысшы және шаруа адамының жетіспеушілігі байқала бастады. Өйткені, мектеп бітіруші түлектің бәрі жоғары оқу орнына түсуге талпынады. Грантқа түсе алмаса, қыруар қаржы жұмсап, ақылы бөлімде оқиды. Білдей диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүргені қаншама?

IMG-20230925-WA0076

Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат шақта еңбек адамының орны тым бөлек. Әсіресе, қазір шаруашылықта еңбек етуге құштар жастарды кездестіру қиын. Алайда, еңбектің өтінде шыңдалып, саналы ғұмырында несібесін маңдай терімен тауып келе жатқан, тәжірибесі толысқан, айтары да үйретері де бар аға буын өкілдері жетерлік. Солардың бірі «Алтын бидай», «Нұрлы жол» шаруа қожалықтарының жетекшісі – Бекболат Мұқашев.

Шаруаға мығым, іске алғыр азамат Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан ауылдың тұрмысымен етене таныс жігіт мамандық таңдар тұста да өзінің болашағын аталған бағытпен байланыстыруды жөн санаған. 1984 жылы әскер қатарына алынып, 1986 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келеді. 1991 жылы сол кездегі В.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, тау кен инженері, газ және мұнай бұрғылау мамандығын меңгереді. 2003 жылы БҚО «Еуразия» институты тілдер және менеджмент факультетінде мемлекеттік өзін-өзі басқару саласында білім алып, 2013 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да білімін одан әрі жетілдірды.

2003 жылы Орал қаласына қоныс аударып, «Ауыл жылы» аясында Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округінде егін шаруашылығын қолға алады. Мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие иеленіп, лизингке КамАЗ, трактор, комбайн техникаларын әкеліп, кәсібі өрге басқан. Бүгінде Бекболат Құспанұлы 3200 гектар жерге бидай, күнбағыс өнімдерін өсіріп, еңбегінің өнбегін сезініп отыр.

IMG-20230926-WA0000

- Техниканың тілін ерте меңгердім. Жұмысқа немқұрайлы қарау – табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен ауылда темір-терсектің арасында өскендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Міне, 40 жыл бойы шаруашылықта қызмет етіп келемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйренгендеймін. Қазіргі техниканың бәрі «ақылды». Бұрынғыдай емес, жұмыс ауыл шаруашылығы саласында әлдеқайда жеңілдеді. Күзбен қатар келетін егін ору сәті – мүлдем бөлек әңгіме. Егін алқабының сәніне көзіміз тоймайды. Сол алқапқа қарап тұрып-ақ көңілің көтеріледі. Өзің дәнін сеуіп, күтіп-баптаған өнімің жайқалып өскенін көргенде бүкіл қиындықты ұмытып, марқайып қаласың. Осылай бір мезгілден, келесі мезгілге дейін жұмысымыз жалғаса береді, – дейді қанағатшылдықтың қарапайым үлгісін көрсетіп жүрген азамат. Ісіне адал шаруа адамының еңбегі еленіп, ол 2011 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», 2016 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.

Бітік егін – ел ырысы. «Нан болса, ән болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Байлық та, береке де – таба нанда. Дән өсіріп, оны жинау-шылар ас атасының қадірін біледі. Астық – тоқшылықтың белгісі. Дастарханымыздан нан үзілмеуі үшін бел жазбастан, бетін күнге қақтап, егін даласының ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамдары қашанда мақтауға лайық!

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале