11.04.2024, 22:05
Оқылды: 10

Қауіп сейілгенмен жағдай бақылауда

«Аузы күйген үріп ішеді» - демекші, 2011 жылы болған алапат су тасқынын басынан кешірген тасқалалықтар үшін көктем айы қауіпті кезең саналады. Осыған орай су тасқынының алдын алу бағытында аудан бойынша былтырғы жылдың күзінде бірқатар жұмыстар жүргізіліп, су жүретін жерлердегі каналдар тереңдетіліп, қазылған болатын.

Бір-бірімізге көмек көрсетер (5)

Биыл күн жылына бастаған уақытта арнайы сенбіліктер ұйымдастырылып, су сақиналары да уақтылы аршылды. Тасқала ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-сараптамалық жұмыс бөлімінің АҚ және ТЖ бас инспекторы Оралбек Насипкалиевтің берген мәліметіне сүйенетін болсақ, 105 тонна инерттік материалдар әкелініп, 9000 қап құммен толтырылып дайындалған. Көше қарлары да уақтылы далаға шығарылды.

Бір-бірімізге көмек көрсетер (6)

Бірақ апат айтып келмейді демекші, су тасқынының алдын алу бағытында ұйымдастырылған осындай жұмыстарға қарамастан, өзен боп аққан қар мен жаңбыр суы көшелерді басып, Тасқала, Мерей, Атамекен, Шежін, Ақтау, Оян ауылдарын су басу қаупі туындады. Тұрғындар мен азаматтық қорғаныс құрылымдарының бірлескен күшінің арқасында жұмыс өз нәтижесін берді. Тәулік бойы кезекшілік қойылып, қауіпті жерлер бақылауға алынды. Аудан бойынша 25800 м3 еріген қар суы сорылған.

Бір-бірімізге көмек көрсетер (1)

Деркөл мен I және II Шежін өзендерінің деңгейі қатаң қадағаланды. Аталмыш жұмыстарға 248 адам мен 83 техника жұмылдырылған. Соның ішінде, аудан орталығы Тасқала ауылының өзінде 2 автогрейдер мен 2 погрузчик және 1 экскаватор, 9 мотопомпа, 2 ассенизатор, 4 трактор, 12 жеңіл көлік пен 90 адам жұмылдырылса, суды бөгеуге 1500 қап құм кеткен. Басқа ауылдар да қарап қалмай, қолдан келгенше бар күштерін салды. Азаматтар толастап жауған жаңбыр мен күннің ызғарына қарамастан, толарсақтан су кешіп, елдің амандығы үшін аянбай қызмет етті. Аудан бойынша қауіп сейілгенімен, әлі де жағдай қатаң бақылауда дейді аудандық ТЖБ басшысы М.Батрашев.

Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале