5.07.2022, 16:15
Оқылды: 54

«Қазақ күресінің әдіс-тәсілдері»  

Жуырда кітапханамызда «Парасат жолы» жобасы аясында дәл осындай атаумен сыр-сұхбат кеші өтті. Оған Бәйтерек ауданы Егіндібұлақ ауылдық округінің спорт нұсқаушысы әрі қазақ күресі бойынша бапкер Манарбек Кенжеғалиев қатысты.

8C6DEC83-0CCF-4C1A-A2EC-73A8CA7551B1

Айта кетейік, Манарбек Қалимоллаұлы 2011 жылдан бері бапкер қызметін атқарып келеді. Бірнеше рет ауданның түйе палуаны атанды. 2018 жылы «Зеленов Барысы» атағын алды. Аударыспақтан өткен облыста сайыста күміс жүлде иеленген. Шәкірттері де жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Облыстық, респубикалық сайыстардың жеңімпаздары атанды.

2F1FFAFA-B282-4AC5-A649-F0BDE5E8478F

Сыр-сұхбат барысында айтылғандай, қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі басқосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді. Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді.

-Қазақ күресі өзге де күрес түрлері секілді адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Сонымен қатар оны қорғанудың ұлттық өнері десе де болады. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалануына мүмкіндік мол. Яғни мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістерін қолдануға болады. Ереже бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіретін күш жұмсауға, дөрекілік жасауға тыйым салынады. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады,- деген Манарбек Қалимоллаұлы жастарды тек қазақ күресімен емес, басқа да спорт түрлерімен айналысып, денсаулықтарын  күтіп, салуатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Данагүл Алхамова,

Егіндібұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале