23.01.2022, 22:39
Оқылды: 50

Қазақстан - біздің ортақ үйіміз

«Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары» деп дана халқымыз бекерге айтпаған. Туған жерін жырға қоспаған, туған жері жайлы толғанбаған ақын-жазушылар жер бетінде жоқ шығар. Қасиетті де киелі елім! Сенің кең байтақ төсіңде еліміздің сан ғасырлық шежіресін баяндайтын шынайы шындық, дәлелді тарих жатыр. Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орнаған, бір ауыздан айтылып, кең өлкемді шарлаған осынау бір ыстық сөз, ыстық көңіл лебізі бүгін ғана емес, бар уақытта да қан тамырымыздың бүлкіліндей естілері сөзсіз. Иә, бұл – бүкіл қазақ жұртының, дүйім Қазақ елінің қызу құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асыл лебізі. Ол – өлең, ол – ән, ол – сұлулық, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз да осында. Жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да, махаббатымыздың да ұясы – тәуелсіз Қазақстан.

6CB3B5E2-649E-41CB-A197-F9BDDF1881BE

Тамыры тереңге бой тартқан сара жолымыздың «Тәуелсіздік» атты теңізде көш жалғастыруы біздерге, келер ұрпаққа беріліп отырған «баянды бақыт» дер едім. Мен – қаныммен, жаныммен, арыммен, «көзінің ішінде көк туы желбіреген» қазақтың бір перзентімін. Алтайдан Атырауға дейінгі жазиралы кең байтақ даланы білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғаған, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, дауысы қаһарланса ханға жеткен, намысты, өр рухты батыр бабалардың ұрпағымын! Өзімнің қазақ болып туғанымды, Қазақстанда тұратынымды ерекше ықыласпен, кеудені кернеген зор сезіммен мақтан тұтамын. 

Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, алпауыттар тайталасының кәріне ілінді, қырғыннан қырғынға, босқыннан босқынға талай азапты көрді. Дегенмен «тәуелсіз» деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атына сай әрқашанда азаттыққа қол жеткізу үшін талпынды, осы жолда күресті. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлеріміз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап жанын пида етті, шәһид боп арманда кетті. Ұлтымызды тұтастай жұту мақсатымен жасалған алуан түрлі әккі тірліктер, қулық-сұмдыққа толы саяси шаралар ұрпақ жадына жойқын соққы бергенімен оны мүлдем бағындыра алмады, дініміз бен тілімізді түбегейлі жоюға шамасы жетпей қалды. Қазақ «мың өліп мың тірілсе» де, қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Сол аманатқа адал болып, киелі тәуелсіздігімізді сақтап, оны келесі ұрпаққа аман-есен табыстау біздің міндетіміз. Қазақстан — қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.
Қазақстанның өз мемлекеттік рәміздері бар. Олар: ту, елтаңба, әнұран. Олар егемендікті, бостандықты, дәстүрлерді, тәуелсіздікті көрсетеді. Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз — Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырыңа жауап беру деген сөз болса керек.

Түптеп келгенде, әр Қазақстан Республикасының азаматы не істеу керек? Ол үшін - мемлекеттік тілді білу, барлық халықтардың салт-дәстүрін құрметтеу, өз Отанын қорғау қасиетті парыз. Себебі Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, біздің Отанымыз.

О.Сағындық,

Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының «Videomaker» үйірмесінің мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале