4.03.2020, 16:43
Оқылды: 516

Құрт ұзақ жасауға ықпал етеді

Оралда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде облыстық «Оқушылардың экологиялық бизнес-жобасы» байқауы өтті.

rafaela (6)

Байқаудың негізгі мақсаты – оқушыларды кәсіпкерлік қызметке ынталдандыру, талантты, талапты жастарды анықтау. Сол арқылы ауыл экономикасын көтеру, ауыл шаруашылығы саласын жандыру болып табылады. Бұл байқауға Жаңақала ауданынан №3 қазақ орта мектебінің оқушылары Жәңгірхан Шайдоллин мен Арын Құрамыс қатысып, бақтарын сынады. Жәңгірхан мен Арын бірлесіп, «Қазақтың рафаэллосы» атауымен өз жобаларын ұсынып, қазылар алқасының алдында қорғаған болатын. Бұл өз кезегінде қазақтың құртын заман талабына сай түрлендіріп, ұлттық брендке айналдырып, әлемдік нарыққа шығаруды мақсат еткен жоба еді. Ұлттық өнімді насихаттаған жобаға қазылар алқасындағы кәсіпкерлер, университет оқытушылары жоғары баға беріп,  қызығушылық танытты.

rafaela (4)

Байқау нәтижесінде қос ұланымыз Ж.Шайдоллин мен А.Құрамыс (жетекшілері Қаракөзайым Ахмеджанқызы, Ботакөз Батырғалиқызы) 14 команданың арасынан жүлделі II орынды иеленіп, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Байқау соңында оқушылар жас кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибе алмасты. Ақыл-кеңес алды.

– Тоқсаннан асып, жүзге қарай бет алған қариядан ұзақ жасаудың сырын сұрасаңыз, міндетті түрде ағарған ішіп, құрт жейтінін айтады. Кәдімгі құрттың ұзақ өмір сүруге септігі бар-жоғын ғалымдар да зерттей келе зерделі ойларын паш еткен-ді. Құрт расымен де адам өміріне ең қажетті зат – кальцийдің көзі екен. Тағамдық биологиялық қоспалар мен мақтауы күшті түрлі дәрумендерді жолда қалдырады. 100 грамм сүзбенің қуаты 227 кк болса, құрттыкі – 370,1. 100 грамм құртта 3 грамға жуық ақуыз, 3,2 грамм кальций мен фосфор қосындылары, белгілі мөлшерде А1, В2, Д дәрумендері бар. 100 грамм құрттан ағзаға 60-қа жуық килокалория беріледі. Енді пайдасын пайымдай беріңіз. Бала да, қарт та, жас та жесе – ағзасына қуат алары сөзсіз. Сондықтан дастарханыңыздан құртты үзбеуге тырысыңыз. Өзге ұлттың өкілдері де тамсана жейтін жеңсік асымыз ұлттық брендке сұранып-ақ тұр ғой, – дейді озық ойлы оқушылардың жетекшісі Қ.Жұмасалихова.

Алтынбек Серікқалиұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале