16.04.2020, 20:34
Оқылды: 46

"Қазіргідей коронавируспен жаппай күрес жүргізіліп жатқан кезеңде өз міндетімізді кәсіби әрі жауапкершілікпен атқара білуіміз керек"

Бәйтерек аудандық орталық ауруханасының дәрігер-реаниматологы Азамат Ізбасовтың есімі бәйтеректіктерге жете таныс.  Ол Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің «Емдеу ісі» факультетінің 2008 жылғы түлегі.

1B0D930B-AB45-4549-B19A-BFE27011CE2A

Мәртебелі мамандығын әркез мақтаныш көретін Азаматтың дәрігерлік-қызметтік кезеңінің көбісі ауруханада өтеді. Өйткені жанына шипа іздеген жандар дәрігер көмегін күтеді. Азекең де емделушілерге тиісінше ем-дом жасауға асығады. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен, байыппен қарайды. Өйткені адам өмірінің арашашысы болу – қиынның қиыны.

 - Бүгінгі таңда провизорлық бөлімшеде 29 наурыздан бері жұмыс жасап келемін. Күшейтілген кесте бойынша үздіксіз жұмыс жасаймын. Басты мақсатым – емделушілерге сапалы қызмет көрсету.

Қазіргідей коронавируспен жаппай күрес жүргізіліп жатқан кезеңде өз міндетімізді кәсіби әрі жауапкершілікпен атқара білуіміз керек.

Дәлірек айтқанда, шет мемлекеттерден, Ресейден келіп жатқан адамдар мен студенттер – біздің жіті бақылауымызда. Олардың арасында коронавируспен шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болғандар немесе шет елден келгендер бар, - дейді Азамат Ізбасов.

Наурыз айында кезекті еңбек демалысына шығуды жоспарлап қойған Азамат Бисенбайұлының демалысы төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылды. Бірақ Азекеңде еш өкініш жоқ. Ақ халатты абзал жанның басты арман-мақсаты – адамдарға қолұшын созу, көмектесе білу.

- Адамзат үшін бірінші байлық денсаулық қандай маңызды болса, біздер, дәрігерлер үшін де міндетімізді абыройлы атқарып, айналамызға қуаныш сыйлау соншалықты маңызды. Мен өз басым дәрігер болуды бала кезімнен арман еттім. Арманым орындалып, жоғары оқу орнын тәмамдап, дәрігер атандым. Ендігі тілегім – қатерлі індеттен тезірек құтылып, қалыпты өмірге оралып, отбасыма оралу, - дейді бізбен телефон арқылы байланыста болған бүгінгінің батыры.

 Ертай Бимұханов

Бәйтерек ауданы

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале