3.03.2024, 9:00
Оқылды: 17

Казталов ауданы: былғары қолғап шеберлерімен жүздесті

Жуырда Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Бостандық ауылының боксшыларымен кездесті.

IMG-20240302-WA0014

Бостандық ауылына аудан әкімімен бірге барған аудандық мәслихат депутаты Дархан Дәулетияров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, «Айбын» спорт клубы директорының міндетін атқарушы Асхат Нұржанов, Казталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Руслан Шәріпқалиев Бостандық бокс мектебіне бас сұғып, ең алдымен балалардың денені қыздыру жаттығуын тамашалады.

IMG-20240302-WA0013

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов күні кеше Орал қаласында өткен бокстан  жастар арасында Қазақ ССР чемпионы Манарбек Ихсановты еске алуға арналған 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында ашық Республикалық турнирінде жүлделі І орын иемденген Миран Жүсіповті, ІІІ орынды иемденген Нұрсұлтан Жұмагерей мен Мадир Иранды, жеңістерімен құттықтап, естелік сыйлық табыс етілсе, Батыс Қазақстан чемпионы Нұрислам Нұржановқа Бокстан ҚР спорт шеберлігіне кандидат спорттық разряды берілді.

— Айтулы додада намысты қолдан бермей, аудан мерейін үстем еткендеріңіз үшін алғыс білдіремін! Алдағы уақытта да талай байрақты жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне береді деп сенемін. Еліміздің атын асқақтатып, ауданның мерейін үстем еткендеріңіз үшін өз атымнан және де аудан халқы атынан алғыс айтамын. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деп ризашылығын білдірді аудан басшысы.

- Боксшыларымыз еліміздің әр аймағынан барған кіл мықтылардың ішінен топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінуі аудан мерейін өсірді. Мұндай жетістікке жету тынымсыз дайындық пен төккен тердің, талмас еңбектің нәтижелі жемісі, - деді өз сөзінде жаттықтырушы Тұрарбек Қайыржанұлы.

Айта кету керек, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпановтың ұйымдастыруымен спортшыларға естелік сыйлық табыс етілсе, чемпион атанған Миран Жүсіповқа аудан кәсіпкелердің атынан қаржылай демеушілік жасалды.

image-02-03-24-07-55

Сонымен қатар аудан әкімі жаттықтырушы Асыланбек Сармалаевқа, Тұрарбек Қайыржанұлына, Еламан Исатайұлына алғысхат пен естелік сыйлық табысталды.

 

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале