29.08.2023, 16:32
Оқылды: 242

Казталов ауданы: оқушылардың жетекшілері қаржылай сыйақыға ие болады

Жаңа оқу жылында республикалық олимпиадада топ жарған оқушылардың жетекшілері қаржылай сыйақыға ие болады.

20230828082121_IMG_6157

Бұл туралы аудан әкімі Казталов ауданында «Білім берудегі трендтер. Қорытындыдан жаңа міндеттерге» тақырыбында аудандық білім беру бөлімінің педагог қызметкерлерінің 2023 жылғы аудандық тамыз кеңесінде айтты. Дәстүрлі іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, білім саласы ардагерлері, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, мектепке дейінгі ұйымдар меңгерушілері қатысты.

20230828075100_IMG_6138

Тамыз кеңесінің алғашқы кезеңінде секциялық жұмыс жүргізілді. Секциялық жұмыстарда «Ауыл мектебін дамыту», «Білім мазмұнын жаңарту арқылы сапаны арттыру», «Білім саласындағы цифрлық шешімдер», «Мектепте дұрыс тамақтану – ұлт саулығының кепілі», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Оқуға құштар ұлт», «Дарынды балалар – ұлт мақтанышы», «Балалар үшін қауіпсіз орта», «Инклюзивті білім беру», «Оқушыларды білім беру ұйымдарында және қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер мен қосымша біліммен қамту» тақырыптарында талқылау жүрді. Казталов мектеп-лицейі, аудандық кітапхана, «Нұрбалапан» бөбекжайының базасында секциялық жұмыстар ұйымдастырылса, аудандық мәдениет үйінде пленарлық отырыс өтті. Диалогтық алаң форматында өткен пленарлық отырысты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы жүргізіп, «Ертегі» бөбекжайының меңгерушісі Салтанат Ғаббасова, Казталов мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Шынар Темірғалиева, Қараөзен мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Медет Жанболатов, К.Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының бейіндік жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрлығали Дүйсеков, Ғ.Бегалиев атындағы мектептің диреткоры Гүлназ Айтқалиева, Бірік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаттыгүл Қозынова, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Айжан Жағыпарова балабақша тәрбиеленушілерінің бойындағы қасиеттері мен қабілеттерін дамыту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, облыстық және республикалық олимпиадаларға оқушыларды дайындау және оларды нәтижелі жұмысқа бейімдеу, оқушыларды мамандық таңдауға және мамандыққа бейімдеу, бала тәрбиесі, балалардың қызығушылығымен қатар білім сапасын көтеру, балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында өз ойларын ортаға салды.

20230828041906_IMG_6053

Кеңесте сөз алған Асланбек Ахметоллаұлы ауданымызда білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауданымыздың білім сапасын арттыру мақсатында, алдағы оқу жылына қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі өз сөзінде жаңа оқу жылында орташа білім деңгейін 66-дан 70 пайызға көтеру, мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының сапалық құрамын жақсарту бойынша нақты шараларды қолға алу, оқушыларға қосымша білім беруді арттыру, «Мен оқыған 30 кітап» жобасын жандандыру, кадр тапшылығы мәселесін шешу, білім ошақтарында «Үштік одақ» ұстанымын бекіту қажеттігін тілге тиек етіп, жаңа оқу жылында республикалық олимпиадада топ жарған оқушылардың жетекшілері қаржылай сыйақыға ие болатынын атап өтті.

20230828090557_IMG_6253

- Жаңа оқу жылында пәндік олимпиадаларға қатысатын оқушылардың саны мен сапасын арттыру керек. «Адам бойындағы үйрену құмарлығын оятқан адам - ең жақсы мұғалім» деп айтқан екен ХХ ғасыр ойшылы, философ Антоний Фердинанд. Алдағы оқу жылынан, олимпиаданың республикалық кезеңінде жүлделі орын иеленген оқушының жетекшісіне қаржылай сыйақы беріледі. Сыйақы көлемі республикалық олимпиададан оқушысы ІІІ орын алса, жетекшіге – 500 мың теңге, ІІ орын алса – 700 мың теңге, І орын алса – 1 миллион теңгені құрайды. Жаңа оқу жылына оқушыларды білім нәрімен, тағылымды тәрбиемен сусындатуға жаңа серпіліспен, игі бастамалармен, сарқылмас күш-қуатпен кірісіп, нәтижелі, жемісті қызмет етеді деп сенемін. Сіздерден шығармашылық белсенділік пен тың ізденістер күтемін, - деді аудан әкімі.
Аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Ғали Бегалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Төкешова мен Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Самат Үсенбаевты ауданның «Құрмет грамотасымен», ал Білім беру жүйесін дамыту ісіне елеулі үлес қосқан Марат Сатыбалдиев, Құралай Төкенова, Медет Насыров, Айда Сүйінішқалиева, Мейрамгүл Сарсенова, Ерасыл Фатиховты «Алғыс хатпен» марапаттады. Сондай-ақ келелі жиында бірқатар ұстаз облыстық білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденіс және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыс үшін Батыс Қазақстан облысының Білім басқармасы «Құрмет грамотасы», білім беру жүйесіндегі адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, сапалы білім берудегі жетістіктері және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ төрағасының «Құрмет грамотасы», Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Казталов ауданының білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Әдеттегіден өзге форматта өткен кеңесте балаға білім мен тәрбиені қатар беру, ұстаздың білімі мен біліктілігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланып, педагогтар өзара тәжірибе алмасты. Пленарлық және секциялық отырыстардың қорытындысына сәйкес ұсыным берілді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале