17.06.2022, 16:30
Оқылды: 54

Казталов ауданы орталығында заманауи алаң ашылды

Бүгін Казталов ауылында Street Workout алаңы бой көтеріп, ашылу салтанаты өтті. Балалар жылына орай және бұқаралық спортты дамытуға арналған спорттық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерболат Бекмулдин, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов және еңбек, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы ауыл тұрғындарын заманауи үлгідегі жаңа алаңның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

47BEE3A1-B433-4228-88B9-75481AAC943E

- Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында ілкімді істер жүзеге асырылуда. Казталов ауылында ашылып отырған Street Workout алаңы ауыл тұрғындарының спортпен шұғылданып, бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді. Бұл алаң тек ересектерге ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің де салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Алаң жергілікті қаражат есебінен салынды. Осындай әлеуметтік маңызы бар нысандар тек жергілікті қаражат есебінен ғана емес, өз ықпалымызбен, түлектердің, ауыл тұрғындарының қолдауымен көптеп салынуы керек. Сонда ғана біз келешек ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасаймыз. Халық игілігі үшін атқарылар жұмыстар жалғасын таба береді. Ендігі міндет, заманауи нысанды күтіп ұстап, мәдениетімізді арттыруымыз керек, - деді ол.

DA979E41-3A97-4763-ADD7-C1C5197C9C21

Спорттық алаңның лентасын қию құрметі Казталов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеуов пен ардагерлер арасында пауэрлифтингтен Азия чемпионы Айдын Елемесовке жолданды. Жаңа нысанның ашылуына орай ауыл тұрғындары да өз пікірлерімен бөлісті.

- Бүгін Казталов ауылында үлкен қуаныш. Оған себеп болған халықтың спортпен шұғылдануына мүмкіндік туғызатын спорттық нысанның бой көтеруі. Спорт – денсаулық кепілі. Ауданымыздан спорт саласы бойынша олимпиада, Азия, әлем чемпиондары да шыққаны белгілі. Жастарымыздың спортқа қызығушылығы артып, дені сау ұлт қалыптастыруға бұл спорт алаңы өз септігін тигізеді деген сенімдемін, - деді спорт ардагері Марат Тоясов.

Айта кетейік, Street Workout алаңын салу «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өміратты сайлауалды бағдарламасында қамтылған болатын. Аудандық мәслихат депутаттарының да нысан құрылысының жүргізілуіне қосқан үлесі зор. Құрылыс жұмыстарын «Батыс Котло Монтаж» ЖШС жүргізді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале