8.09.2024, 17:00
Оқылды: 195

Казталов ауданына Сырымнан көмек көші келді

Биылғы жылы Казталов ауданында төрт түлік малға мал азығын дайындау бас ауыртар мәселеге айналып отыр. Дегенмен, «Жоқ» деп қарап отырмай, ауданның атқамінер азаматтары су молынан түсіп, шөбі бітік шыққан шабындық жерлерден шөп тасымалын ұйымдастыруда. Қазіргі күнде шөп бумалары Талдықұдық ауылдық округі мен көршілес Тасқала ауданынан тасымалданып жатыр.

IMG20240907174439

Казталов ауданындағы қуаңшылық жағдайға естіген Сырым ауданының азаматтары қалыс қалмай, көмек қолын созуда. Бүгін ауданымызға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев бастаған азаматтар төрт Камаз жүк көлігімен шөп жеткізді.

«Сырым елінен — Қос өзен еліне!» бастамасымен жеткен мал азығы шөп шығымы төмен Жаңажол, Ақпәтер, Көктерек, Тереңкөл ауылдық округтеріндегі аз қамтылған отбасыларға тегін таратылады.

Алыстан ат терлетіп келген азаматтар сырымдық ағайынның жалынды сәлемін жеткізді.

Саламат Иманғалиев, Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: —Биылғы жылы Сырым ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде облысымыз бойынша бірінші болып Казталов ауданының азаматтары қол ұшын созған болатын. Сіздегі жағдайды естіп, біз де қарымта көмектесуге бел будық. Ел ортақ, мәселе де ортақ. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

IMG20240907174636

Сырым елінен жеткен көмек көшін Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев қарсылап алды. Рашид Нәсіпқалиұлы көпке үлгі боларлық игі бастама көтеріп, жомарттық танытқан Сырым ауданы халқына Казталов ауданы жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

Расында осындай қайырымдылық іс жасаған азаматтардың арқасында екі ауданның достық қатынасы нығая бермек.

Нұр Рахман, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале