27.10.2022, 19:00
Оқылды: 35

Казталов ауданында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр

Казталов ауданының орталығы Казталов ауылындағы әлеуметтік нысандар, көшелер мен саябақтар және орталық алаңдар жергілікті атқарушы органдар назарынан тыс қалған емес. Аудан орталығының көшелеріндегі қаз-қатар тізілген жарықшамдар, отырғызылған ағаштар, жаяу жүргіншілер үшін төселген жолдар аудан ажарын ашып тұр. Бұл жұмыстар аудан орталығының көркейе түсуіне сеп болып отыр. 

1111111

Аудан орталығы көшелерінің 80 пайызы асфальтталып, «Достық» саябағы заманауи жөндеуден өтсе, орталық базар алаңына да жөндеу жүргізіліп, ауданға келген көпшіліктің көзін қуантуда. Орталық базар маңындағы жеке дүкен иелері де өз айналасының келісті келбеті үшін үлес қосып келеді. Бүгінгі күн талабына сай кәсіпкерлік обьектісінің алдына өрнектастар төсеп әсемдеу жұмыстарын аудан азаматтарының бірнешеуі қолға алған. Жас кәсіпкер Абат Малаев бастап жасаған игі істің жалғасын жанындағы дүкен иелері де жалғастырып, жарыса өрнектас төсеп жат-қандығының куәсі болып жүрміз.

28

Тұрғындарды тазалыққа, эстетикалық мәдениетке шақырып, аудан шырайын арттырған жеке кәсіпкерлік объектілерінің саны артып келе жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Атап айтар болсақ, «Сымбат», «Абылай», «Алтын алма» және «Реалком» дүкендері аталған жұмыстарды атқарып дүкен алдын абаттандырса, «Әулет» дүкенінің алдындағы еңбек қызу жүргізілуде.  Осы орайда дүкен алдына әдемілеп өрнектас төсеп, арнайы жарықшамдарын орнатып өз кәсібінің келбетін келістіріп отырған  «Алтын алма» дүкенінің иесі Айнагүл Қабдулованы әңгімеге тартқан едік:

-Дүкеніміздің алдына өрнектас төсеу көптен ойға алып жүрген ісім болатын. Жаяу жүргіншілерге арналған жол төселгеннен соң есігіміздің алдына өрнектастар төседік. Бұл өзіміз үшін де, дүкенімізге келген тұтынушыларға да, ауданымызға келген қонақтарға да жағымды әсер қалдырары сөзсіз. Бұл өрнектастарды төсер алдында «Жай ғана цемент құйып тастауға немесе плита тастарды төсеуге болады емес пе?» деген адамдар болды. Дегенмен көпшіліктің шоғырланатын, ауданға ат басын тіреген адамдардың келер жері осы базар маңы болғандықтан сұрықсыз кейіпте болғанын қаламадық. Қазіргі таңда 375 квадрат метр жерге өрнектас төсеп қойдық, келесі жылы дүкен жанынан қосымша салынатын құрылыс жұмысын жоспарлап қойып отырмыз. Сол уақытта бұл төселген өрнектастарды әлі де ұзартамыз деген ойдамыз. Жалпы, ауданның орталығы болғандықтан келген адамға жақсы әсер қалдырғаны дұрыс, сонымен қатар эстетикалық әдемілік адамдарды тазалыққа, мәдениеттілікке шақырып тұрады. Дүкен алдын бұдан әрі абаттандыру, көгалдандыру, түрлі гүлдер өсіру де ойымда бар. Өзім гүл өсіруді ұнатамын. Бірақ гүлдерді отырғызуға мал өсіріп отырған ауыл болғандықтан бата алмай отырмын. Келешекте біртіндеп барлығы жасалады деген үміттемін. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауданымыздың келбеті көркейе берсін!

Қазіргі күні аудан орталығындағы көшелердің, қоғамдық нысандардың талапқа сай абаттандырылуы ауыл тұрғындарын, әсіресе жастарды қуанышқа бөлеп отыр. Ауданымыздағы әрбір азамат осындай игі істерден шет қалмаса, көше көркіне үлес қоса білсе көштен қалмасымыз анық. Жеке кәсіп иелерінің жақсы істі жарыса қолға алғаны жан жадыратады. Аудан ажарын арттыруда азаматтардың атқарар ісі әлі алда деп сенеміз.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале