8.07.2021, 12:09
Оқылды: 94

Казталов ауданында қымызхана ашылды

 Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын.

9C30FB17-674E-4C75-B9BC-4493F6588EB2

Ұлттық болмысты әркім әрқалай түсінеді. Оны шетелдік үрдіспен алмастырып жатқандары да бар. Алайда қаным қазақ, болмысым да қазақ деген азаматтар қатары аз емес. Солардың қатарында жылқы малын баптап, атқа міну дәстүрін үйретіп, келешек ұрпаққа насихаттап жүрген казталовтық Нұрлан Нұғманов ағамыз бар. Нұрлан Елемесұлы жылқы малын тек мініске ғана жаратып қоймай, сауынды бие байлап, халыққа саумал мен қымыз өнімдерін ұсынуда.

F4128A95-5E09-4847-B4A3-D849153FFBEE

6 шілде - Елорда күніне орай Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылының іргесінде «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Елемесұлының бастамасымен қымызхана ашылды.

Рухани, қазақи болмысымыздың иісі сіңген орданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов және ауыл тұрғындары қатысты.

2782D6E2-8B07-4E28-AF19-8F6969F17632

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова ауыл тұрғындарын Нұр-Сұлтан күнімен құттықтап, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген Нұрлан ағамызға ризашылығын білдіріп, қымызхананың ашылуына белсене атсалысқан және жылқы баптап, бие сауып, еңбек етіп жүрген Марс Мақсотұлы, Ғарифолла Мақсотұлы, Әділ Батырболатұлы, Гүлмира Қабдылуахитқызына өз атынан алғысхат табыстады.

Қожалық жетекшісі Нұрлан Елемесұлы да еңбегі адал жұмысшыларға алғысын айтып, Марс Мақсотұлы мен Ғарифолла Мақсотұлына шапан жауып, Гүлмира Қабдылуахитқызына «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ниетпен орамал тарту етті.

FBE91FBD-449F-44C1-9972-911FA6F123E7

Қымыз ордасының ашылу шарасы карантин талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда қожалықта 7 сауынды бие сауылып, көл-көсір пайдасы бар өнімін халық тұтынып, ризашылығын білдіруде. Алыс-жақын ауылдардан, қаладан келетұғын тұтынушылар да жоқ емес. Саумалы мен балдай қымызын ішіп, табиғи ем алып жүргендердің ішінде Бәтес Хайруллина апамыз да бар. Ақ жаулықты анамыз бүгінде Орал қаласында тұрады.

- Бүгін еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан күнінде қымызхананың ашылуы - мереке қарсаңындағы мерейлі жетістіктің бірі. Бүгінде Орал қаласында тұрамын. Туған жерге сағынышымды басып, кіндік қаным тамған жердің сусынын ұрттап, шаңын жұтып, самал желіне кеудемді тосып демалуға келген жайым бар еді. Жай демалыс емес, саумал мен қымыз ішіп, дертіме шипа алудамын. Ауыл тұрғындарына осындай игі орданы ашып, қолайлы жағдай жасап отырған қожалық жетекшісі мен отбасына сәттілік, амандық тілеймін, - деді анамыз.

- Қанымызға сіңген ата-дәстүрді жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың борышы. 2018 жылы ат баптау ордасының іргесі қаланып, жылқы малын баптадық. 2019 жылы саумал мен қымыз өнімдерін халыққа ұсына бастадық. Кейіннен халыққа қолайлы жағдай жасау үшін арнайы баспана керектігін ескеріп, осы қымызхананы ашуды ұйғардық. Бұл бастамаға еліміздегі коронавирус індетінің таралуы да өз септігін тигізді. Себебі жылқы малының өнімі жесе ет, сүті сан түрлі дертке шипа. Қазір қожалықта екі ер адам, екі әйел адам қызмет етуде. Ал сауынды биелеріміздің саны болашақта артады деген сенімдемін, - дейді «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Елемесұлы.

 Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале