4.06.2021, 14:56
Оқылды: 57

Казталов ауданында Рәміздер күні ұлықталды

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деп рәміздердің маңыздылығын айқындап берген болатын.

 К1

4 маусым күні Казталов ауданы орталығында Рәміздер күніне орай автошеру өтті. Аудан орталығының барлық көшелерін қамтыған автошеруде көк Туымыз дәріптеліп, Әнұранымыз шырқалып, Елтаңбамыз насихатталды. Шерудің мақсаты – аудан тұрғындары мен өскелең ұрпаққа мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау, ұлттық құндылықтарымыз бен болмысымызды паш ету.

Елімізде 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы қабылданған болатын. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы мен егемендігімізді айқындайтын елтаңбамыз 1992 жылы қабылданса, әнұранымыз 1996 және 2006 жылдары екі мәрте бекітілген.

К2

Сонымен қатар атаулы күнге орай аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Туыңды қастерле!» акциясы ұйымдастырылды.

Акция аясында белсенді жастар жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеушілерге көк түсті жалаушаларды үлестіріп, рәміздеріміздің маңыздылығын түсіндіріп өтті.

Жастар жалаушаларды үлестіре отырып, тұрғындарға көк туымызда бейнеленген алтын күн мен қыран құстың, ою-өрнектің ерекшеліктеріне де тоқталып, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, дәріптеуге шақырды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Мұқағали Шоқпанов маңызы мол акциялардың жиі ұйымдастырылып тұратындығын жеткізді.

К3

- Бұл акция тұрғындарды рәміздерімізді құрметтеуге шақырады. Себебі көптеген жерлерде мемлекеттік рәміздеріміздің қоқыс жәшігінде немесе өзіне лайықты емес орындарда жатқандығындығын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, біліп отырмыз. Сол себепті біз жастар бірлесе отырып, Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында көк Туымыз бен Елтаңбамызды, Әнұранымызды насихаттауды жөн көрдік. Осы мақсатта аталған акцияны ұйымдастырдық. Біз бұнымен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уақытта қоғамдық резонанс туғызып жүрген мәселелерді алға тарта отырып, ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған акцияларды ұйымдастыру жоспарымызда бар, - деді маман.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале