6.07.2021, 11:55
Оқылды: 91

Казталов ауданында жартылай марафон өтті

Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жəне Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай Казталов ауданында жартылай ашық марафон өтті. Марафонда бақтарын сынау үшін Орал, Бəйтерек, Бөрлі, Сырым жəне ауданымыздың спортшылары, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

1D007395-D78C-4752-B311-6317FE834DC7

Шараның ашылу салтанатына арнайы келген аудан əкімі Альберт Есалиев қатысушыларға сəттілік тілеп, аудан орталығында жерлесіміз, марафоншы Баубек Ілиясовтың бастамасымен ашылып жатқан "Kaztalov Runners" əуесқой жүгірушілер клубының туын табыс етті. Айта кету керек, жерлесіміз Баубек Ілиясов - жүгіруден республикалық, облыстық дəрежедегі марафондардың чемпионы. Былтыр Баубек бауырымыз "Орал - Сырым - Сарқырама" бағытында 230 шақырымды 23 сағат 45 минут жүгіріп өтіп, рекорд орнатқан болатын.

Жартылай ашық марафон кезінде желаяқтар 10 жəне 21 шақырым қашықтықты бағындырды.

Мықтылардың мықтысы ғана шыдайтын марафон нəтижесінде 10 шақырымда қыздар арасында жүгірген Лəззат Төлепбергенова 3-орынды, Виктория Глотова 2-орынды жəне жүлделі 1-орынды Наталья Панова қанжығаларына байлады. Бұл үш бойжеткен де Бəйтерек ауданының намысын қорғады.

Ерлер арасында 10 шақырымға жүгіруден жерлесіміз Сұлтан Ахынбасов 3-орынды, бəйтеректік Рафхат Асылмұратов 2-орынды, Орал қаласынан келген Азамат Қылыш 1-орынды жеңіп алды.

Жартылай марафон додасында 21 шақырым қашықтықта желмен жарысқан жүйріктер ішінен Оралдан келген Архат Есенғалиев 3-орынға, Оралбек Құттығалиев 2-орынға қол жеткізсе, сəйгүліктей жаратылған бəйтеректік желаяқ Жарас Айтуаров 1-орыннан көрінді.

Жарысқа қатысып табандылық танытқан спортшылар да марапаттаудан кенде қалмады. Жастармен қатар жүгіріп, табандылық танытқан Мирлан Құсайынов пен Əскербек Төлемісов "Ардагер спортшы" аталымымен марапатталды. Жарысқа демеушілік танытқан "Рахат" жеке кəсіпкерлігінің жетекшісі Жанатбек Қосановқа аудан әкімінің алғысхаты табыс етілді.

Спорттық шараның Ұлттық домбыра күнімен сəйкес келуіне орай аудан көркемөнерпаздарынан құрылған домбырашылар "Балбырауын" күйін орындап, жарысқа қатысушыларды жігерлендірді. Сонымен бірге домбыра күніне байланысты "Қызыл крест" жəне "Қызыл жарты ай" халықаралық қозғалысының Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облыстық "Қызыл жарты ай қоғамы" қоғамдық бірлестігі атынан домбыра сыныбының оқушысы Нұргелді Нұржанға домбыра аспабы сыйға тартылды.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале