Аэлита Ақылбекқызы Тілекова бүгінде Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман қызметін атқарып жүрген жас мемлекеттік қызметші. Ол ауданның ең жас мемлекеттік қызметшілерінің бірі ретінде өз ісіне жауапкершілікпен қарап, халыққа қызмет етуді басты мұраты санайды.
Аэлита туған өлкесінде білім алып, Казталов мектеп-лицейінде 11 жыл оқыды. Мектеп қабырғасынан-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, адамдарға көмек көрсетуді өмірлік ұстанымына айналдырды. Осы қызығушылығы оны 2021 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Әлеуметтік жұмыс» мамандығына жетеледі.
Университет қабырғасында білімге деген ынтасы мен ізденімпаздығының арқасында жоғары оқу орнын 3,33 GPA көрсеткішімен аяқтады. Оқу барысында жинақтаған теориялық білімі мен тәжірибесі оның болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға негіз болды.
2025 жылы университетті тәмамдаған жас маман 2026 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі негізінде мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалып, еңбек жолын бастады. Бұл – оның білім мен еңбектің нәтижесінде қол жеткізген жетістігі. Өз таңдауын Аэлита былай түсіндіреді:
– Мемлекеттік қызметті жауапты әрі маңызды сала ретінде таңдадым. Өз білімім мен тәжірибемді ел игілігіне жұмсауды мақсат еттім. Елге қызмет ету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Халықтың сеніміне лайық болып, қоғамның дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді жас маман.
Жастық жігер мен жаңашыл көзқарасты бойына сіңірген Аэлита Ақылбекқызы мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарын берік ұстанып, ел мүддесіне адал қызмет етуді өзінің азаматтық парызы деп біледі.
Жайна Қабиболла