1.03.2021, 22:47
Оқылды: 104

Казталов ауданының әкімі ардагерлерді құттықтады

1 наурыз – елімізде алтыншы жыл қатарынан тойланып келе жатқан Алғыс айту күні мейрамы. Бұл мейрамға қатысты бастаманы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында көтерген болатын.

ал1

Сессияда сөйлеген сөзінде Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», - деп ерекше атап өткен болатын. Елбасының ұсынысы қабылданып 1 наурыз – Алғыс айту күні болып ресми түрде бекітілді.

Айтулы мерекеге орай аудан әкімі Альберт Есалиев ауданымызға белгілі еңбек ардагерлері Пазила Кадешова, Махамбет Байшұлының шаңырағында болып, мерекемен құттықтап, қиын-қыстау заманда аудан экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы алғыс хат табыстады.

Аудан басшысы Альберт Темірболатұлы еңбек ардагерлерінің сол бір уақыттағы еңбегін тілге тиек етіп, еліміз үшін атқарған еңбектерінің жастарға үлгі екендігін де атап өтті.

ал2

- Сіздердің алмағайып заманда ауданымыздың экономикасының дамуына қосқан үлестеріңіз орасан зор. Тәуелсіздік жылдарында еңбек ету кім-кімге де оңай болмағаны анық. Дегенмен тағдырдың қатал сынына мойымай, еңбектің ерен үлгісін көрсеттіңіздер. «Еңбектің наны тәтті» деген ұғымды санамызға сіңірген сіздердің сол бір еңбектеріңіз өскелең және кейінгі ұрпаққа үлгі, - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов Тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбегі үшін Ахмет Сұпығалиев, Рамила Сұпығалиева, Вахит Исжанов, Сәуле Омарова, Кажимовтар отбасы, Бақытханым Нұғманова, Бәтес Ғаббасқызы сынды еңбек ардагерлеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Ардагерлер еңбек жолындағы қиын да қызықты кездерінен естеліктер айтып, келешекке сеніммен қарайтындығын жеткізді.

Кездесулер санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале