14.12.2021, 9:45
Оқылды: 75

Казталов көркейіп келеді

Туған жер, өсіп-өнген өлкеме барып-қайтудың көптен бері реті келмей жүр еді. Таяуда Алланың қалауымен ауылға жолым түсіп, Казталов ауданының орталығына ат басын бұрған болатынмын. Шыны керек, тамыры тереңге жайылған тарихи мекенімізде соңғы жылдары «Әп, бәрекелді!» дейтіндей игі істер молынан атқарылыпты. Бұл өз кезегінде аудан басшысы Альберт Есалиевтің өнімді еңбегінің жемісі деп есептеймін.

3a343bff-54ed-4c3f-b8a1-3b2d5b65f275

Ауданымыздың қазіргі айшықты келбетіне таңғалып, тамсанғанымды жасырып қайтейін. Казталов ауданының адам танымастай өзгеріп, дамып-өркендегені көңіл қуантады. Хош.

Казталовта ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ Қоныс ауылындағы 1 шақырымдық кірмежолдың жөндеу жұмыстары аяқталған. «Жол мұраты жету»  деген Қоныс елді мекенінің тұрғындары да жол мәселесін бірнеше мәрте көтеріпті. Мәселе шешімін тауып, ауылға кіре беріс 1 шақырымдық жол орташа жөндеуден  өтіп, асфальт  төселіпті.

Жалпы, ауыл ажарланса, елге сый екені анық. Аудан көшелері жаңа жол белгілерімен толықтырылғаны да жөн болған. Тәулік бойы ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің қозғалысын реттеу үшін жол белгілерімен қатар бағдаршамдардың да атқаратын рөлі ерекше, онсыз көше қиылыстарында көлікпен жүру мүмкін емес. Жаңа бағдаршамдар Желтоқсан, Сәкен Сейфуллин және Сағит Садықов пен Шарафутдинов көшелерінің («Дәулет» және «Перекресток» дүкендерінің маңы) қиы­лысында орнатылған. Ауданның басты көшелеріндегі бағдаршам өзгерістері жол-көлік оқиғаларының азаюына және жол ережелерінің мұқият сақталуына ықпал етеді. Бағдаршамдарды орнату – жол-көлік апатының алдын алудағы маңызды шаралардың бірі.

Қос өзен елі аумағында республикалық маңызы бар жолдар 210 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар 195 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар 524 шақырымды құрайды. Ауданымызда жол-көлік инфрақұрылымының дамуы біріздендіріліп, бірқатар аудандық маңызы бар жолдарға қара жабынды төселген екен. Бұдан бөлек 2020-2025 жылдарға арналған аудандық маңызы бар жолдарды асфальттауға жобалық-сметалық құжаттар жасақталған.

63b5df37-87e9-42bd-9f21-752003836a17

Бүгінде қала мен қаланы, ел мен елді бір-бірімен жалғап, тауар айналымы мен қарым-қатынас көзіне айналған жолдар – экономикалық тұрғыдан маңызды нысан болып саналады. Сондықтан да ауданымыз бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуді назардан тыс қалдырған емес. Күре жолдар салынып, шалғай мекендердің тамырына қан жүгіргені – ат үстіндегі азаматтардың жүйелі жұмысының нәтижесі. Казталовта да бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.

Туған өлке – әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Ешбір жерге айырбастауға келмес, өзіндік құны мен қасиеті астасқан осынау қадірлі жерді сөз қылу – мен үшін зор мәртебе. Оның ішінде нағыз құндылықтың бұлақ басы, қайнар көзі саналатын ауыл жайлы әңгімелеу бөлек бір іс іспетті. Ауыл  – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Сондықтан да туған жер дегенде жүрегіміздің соғысы алабөтен. Алдағы уақытта да Казталов ауданы қай-қай салада алдыңғы шептен көрініп, көркейіп, дами берсін деген тілегім бар. Қысқасы, қаймағы бұзылмаған ауылдың базары тарқамай, ажары арта бергей.

Нәрік Беркалиев,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале