Қазталов ауылында 2006 жылғы мектеп түлектерінің ұйытқы болуымен ауыл тұрғындарына арналған «Достық мекені» рухани демалыс орны ашылды.

Салтанатты шараға Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев пен Казталов ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Жақыпов қатысып, туған жерін көркейтуге үлес қосқан түлектерге ризашылық білдірді. Олар бұл бастаманың кейінгі жастарға үлгі боларлық өнегелі қадам екенін атап өтті.

Жаңа нысанның лентасын қию құрметі шәкірт тәрбиелеу жолында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер ұстаздар Гүлжиян Табылдықызына, Әлия Зербіқызына және Гүлжиян Ғарифқызына берілді.

Жалпы құны 14 миллион теңгені құрайтын демалыс аймағында ауыл тұрғындарының шахмат пен теннис ойнап, бос уақытын тиімді өткізуіне толық жағдай жасалған.

Шара аясында ауыл балалары арасында шахматтан шағын турнир ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Бекарыс Әбіш,
Қазталов ауданы