15.03.2024, 21:17
Оқылды: 21

Казталовта ақжаулықты әжелер сайысқа түсті

Бүгін «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Казталов аудандық ардагерлер үйінде кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Сен білесің бе?» атты әжелер арасында интеллектуалдық ойын өтті.  

image-15-03-24-07-57

Екі бөлімнен тұратын шараның мақсаты –  қазақтың ұмыт қалған салт-дәстүрлерін жаңғырту, ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу, ақыл мен білімге шақыру.

Бірінші бөлімде ұмыт қалған «бауырынан табақ жүгірту», «керегеге орамал байлау», «ат тергеу», «жігіт түйе» сияқты тағы да басқа салт-дәстүрлерден сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Мысалы көбі біле бермес «бауырынан табақ жүгірту» жоралғысы туылғанына 5-6 ай болып, талпына бастаған сәбиді тез аяқтансын деген мақсатпен туыс-туған, көрші-қолаңды шақырып, баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымын өткізеді. Онда ауылдың өнегелі, инабатты кісілерінің бірі арнаулы дайындалған бір табақ асты қолына алып, оны талпынып тұрған баланың оң жағынан сол жағына, сол жағынан оң жағына қарай өткізіп:

Балапандай талпын да,

Аршында, бөпем, аршында!

Желмаядай желгек бол,

Қас тұлпардай сергек бол! - деген игі тілек білдіріп, табақтағы астан алдымен баланың өзіне дәм татқызып, қалған асты жиналған жұрт бөлісіп жеп, балаға ақ баталарын береді.

«Бауырынан табақ жүгіртудің» де өзіңдік мән-мағынасы, ойға алған мақсаты бар. Талпынып тұрған бала бауырын ыстық тамақтың лебі шалғанда, жүйке клеткалары тітіркеніп, бойын тік ұстап, тезірек аяқтануға ұмтылады. «Ас - адамның арқауы» деп омырау сүтіне қоса нәрлі тағаммен азықтанған бала тез жүріп, буыны тез бекиді. Міне бұл «бауырынан табақ жүгірту» жоралғысы болады.

image-15-03-24-07-57-2

Шараның екінші бөлімінде ұяшықтағы мақал-мәтелдердің жалғасын табу және қосымша сандық ұғымдарға байланысты сұрақтар жасырылған болатын. Атап айтсақ, «үш арсыз», «жеті қазына», «жеті жұт» сияқты сандық ұғымдардың мағынасын ашып жауап берді. Кездесу әсем әнмен әрленіп, поэзиялық жыр шашуларымен жалғасын тапты.

Кеш соңында ақ жаулықты әжелеріміз жүрек жарды лебізін білдіріп, ақ тілектерін жолдады. Тағылымы мол мәдени шаралар әлі де жалғасын таба бермек.

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале