3.02.2017, 15:33
Оқылды: 125

Қазталовта ауыз су мәселесі шешімін табуда

Қазталов ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Бұл мәселе де рет-ретімен өз шешімін табуда. Бұл жайлы бүгін ауданы әкімі Нұрлан Бекқайырдың халық алдындағы есеп беруінде айтылды.

Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, аудан аумағы арқылы өтетін «Киров-Шежін» су арнасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бүгінде Талдықұдық ауылына дейін жеткен. Жобаның 2 кезеңіне 764 млн. теңге қаражат жұмсалса, жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін 2017 жылға 100 млн. теңге бөлініпті.

«Аудан аумағын суландыру жүйесіндегі осы бағытта жалғасын тауып, жүргізіле берсе, табиғи мал азығымен қамту, экологиялық ахуал және ашық су көздерінің тапшылығы жөніңдегі өзекті мәселелер өз шешімін табар еді» деді аудан әкімі.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген 33 млн. теңгеге 3 ауылға техникалық су тартылып, ауылішілік жолдар ағымдағы жөндеуден өтіп,жаяу жүргінші көпірі жөнделген.

Өткен жылы 250 000,0 мың теңгеге Нұрсай ауылын сумен жабдықтау нысаны толықтай аяқталып, іске қосылған. Ал Қазталов, Жалпақтал, Қараөзен ауылдарын «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамту жұмыстарына облыстық бюджеттен 72 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталып та кеткен.

Биылғы жылы аталған нысандардың жұмыстарын аяқтауға 349 млн. теңге және Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа, Ақпәтер, Бостандық, Жаңажол, Қайыңды ауылдарындағы су құбыры желілерін қосу жұмыстарын бастап кетуге республикалық және облыстық бюджеттен 817 млн. қарастырылып отыр екен.

Мөлдір Әнуарбек,

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале