8.09.2023, 22:39
Оқылды: 74

Казталовта дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Бүгін Казталов ауданындағы Қараоба дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.

IMG-20230908-WA0027

Казталов ауданында 43 медициналық ұйым бар. Атап айтар болсақ, 2 аудандық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетуде. Соның бірі – Қараоба дәрігерлік амбулаториясы. Күрделі жөндеуден өткен нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі аудандағы денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

- Бүгін міне сіздермен Қараоба ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөнделіп, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілгеніне куә болып отырмыз. Қазіргі таңда ауданымызда Бостандық ауылында дәрігерлік амбулатория, Қараөзен ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы, аудандық №2 Казталов аудандық ауруханасының іргелес аумағын күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін Қайшақұдық ауылына жаңадан модульды медициналық пункт салу жоспарымызда бар. Мемлекет тарапынан ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстарына аса мән берілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Казталов аудандық ауруханасы 2023-2025 жылдары медициналық жабдықтармен толық жарақтандырылып, 2024-2025 жылдары жапсарлас құрылыс жүргізіліп, көпбейінді орталық ауруханаға айналдыру жоспарлануда. Медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі және денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстар жалғаса береді, - деді аудан әкімі.

20230908085411_IMG_6883

Қараоба дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстарын «АИАС Құрылыс Сервис» ЖШС жүргізді. Компания директоры Асхат Сатқанов нысанның күрделі жөндеу жұмысын өз бақылауына алып, жұмысты сапалы жүргізіп, нысанды жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етті. Мердігердің атқарған жұмысы мен игі ісіне халық та дән риза.

- Жанымыз ауырса дәрігердің қызметіне жүгінеміз. Шыны керек кешегі әлемді жайлаған індеттің кезінде де ақ халатты абзал жандар халыққа қалтқысыз қызмет етті. Осы күнге дейін біз ауылымыздағы 1980 жылы іргесі қаланған дәрігерлік амбулаторияның жарамсыздығы жөнінде талай мәрте мәселе көтердік. Бұл оң шешімін тауып, бүгінде жарқыраған жаңа нысанның куәсі болып отырмыз. Халықтың қуанышын еселеген жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, мердігерге және ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз, - деді ауыл тұрғыны Набидолла Мәжитов.

20230908060607_IMG_6763

Жаңа ғимаратта күніне 35-тен астам адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Ғимаратта учаскелік дәрігер бөлмесі, күндізгі емхана, физиотерапиялық ем қабылдау, әйелдерді қарау, емшара, дәрігерге дейінгі қабылдау, баланы дамыту, екпе бөлмелері және тіркеу орыны бар. Дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігер Нұрзила Сарсенбиевамен бірге 6 медициналық маман және 5 кіші қызметкер қызмет атқарады.

20230908060550_IMG_6762

Айта кетейік, аталған медициналық нысанды күрделі жөндеу жұмыстары «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының жол картасына енгізіліп, аудандық мәслихат депутаттары да мәселенің шешімін табуына ықпал етті.

20230908063637_IMG_6778

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының жүру барысын партиялық бақылау комиссиясы қадағалап отырғаны да жасырын емес.

20230908060356_IMG_6756

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале