26.05.2026, 20:00
Оқылды: 7

Қазталовта екпелі шөп егу қарқынды

Бүгінде ауданымызда 14 шаруа қожалық жетекшісі осы тәсілге бет бұрып, тың жерді игеріп, екпелі шөп егіп отыр. Демалыс күндері аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Талдыапан, Жаңажол, Казталов ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып, шаруалардың беталысын бағамдады.

0N6A2610

Талдыапан ауылдық округінде көпжылдық шөп егу жұмыстарын «Асқар» және «Бауырлар НАРМ» шаруа қожалықтары жүзеге асыруда. Алдымен «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиевпен кездескен аудан әкімі бұл бастамаға қолдау тетігі мол екенін жеткізді.

- Ауданымыз үшін мал азығын дайындау – маңызды мәселелердің бірі. Екпелі шөп егу аз жерден мол өнім алуға мүмкіндік береді. Сіздердің тәжірибелеріңізді өзге шаруалар да қолға алуы қажет,  - деді аудан әкімі.

Еуропа елдері мен АҚШ, Түркия, Канада сынды мал шаруашылығы мен егіншілігі дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданылатын бұл тәсілді ауданда жүзеге асыру экономикаға серпін бермек. Дархан Аябалиев те көпжылдық шөпті егудің артықшылығын ескере отырып, шетелдік және отандық тәжірибелерді зерделеп жатқанын атап өтті.

«Бауырлар НАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев екпелі шөп өсірумен қатар бау-бақша шаруашылығын дамытуға да ден қойып келеді. Шаруашылықта бүгінде жүгері, қарбыз, қауын секілді дақылдар егілуде.

0N6A2589

- Аудан көлемінде егін шаруашылығын дамытуға басымдық берілгеннен кейін бау-бақша өнімдерін өсіруге де бет бұрдық. Қазіргі таңда 45 гектар жерге жүгері дақылын ектік. Алдағы уақытта тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолдану арқылы мол өнім алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 6 гектар жерге қарбыз бен қауын егілді. Дақыл көшеттері арнайы жылыжайдан алынды. Жаңбырлатып суару жүйесін енгізу мақсатында Алматы қаласынан арнайы техника алдырдық, - дейді шаруа қожалық иесі.

Нұрлыбай Жолдыбаев адал еңбек қана нәтижеге жетелейтінін тілге тиек етіп, өз жұмысына Беларусь мемлекетінің тәжірибесін негізге алғанын атап өтті.

Жаңажол ауылдық округінде жер жыртып, судан шөбін егіп, жаңашылдыққа бет бұрған шаруа – Мәлік Ихсатов. Жаздық жайлауынан 100 гектар жерді қоршап, көпжылдық шөп еккен «Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі еңбек еш кетпес деген үмітте.

DJI_20260523125235_0295_D

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Қазталов ауылдық округіне қарасты «Муслим» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Тайгариновпен кездесіп, атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Махамбет Тайгаринов 422 млн теңге қаражатқа екпелі шөп егу алқабын қоршау, бөгет қазу, суландыру жүйесі үшін су құбырын орнату жұмыстарын жүргізуде. Аудан басшысы шаруаның бастамасына оң бағасын беріп, ауданның инвестициялық әлеуеті артып келе жатқанын айтты.

0N6A2654

- Өткен жылы ауданымызда 1,1 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында шаруа қожалық жетекшілері және кәсіпкерлермен меморандумға қол қойылды. Бүгінде «Муслим» шаруа қожалығы меморандум аясында жобаны сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл бірінші кезекте ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға сеп болмақ. Адал еңбек етіп жүрген азаматтар туған жерге инвестиция тартып, өлкенің дамуына үлес қосуы қажет,  - деді аудан әкімі.

 Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале