22.12.2020, 14:46
Оқылды: 87

Казталовта энциклопедия жарық көрді

Абай Құнанбайұлы «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көреуге» деген нақыл сөз қалдырған. Кітаптың адам білімін кемелдендіретіні сөзсіз. Ал кітаптың мазмұны мен берер тәрбиесі қандай болмақ? Бұл сұраққа күні кеше жарық көрген «Ел қорғаған қайран ерлер» атты энциклопедия жауап бергендей.

Энциклопедия жарык корди (1)

14 желтоқсан ауданымыз үшін мерейлі күн болды. Бұл күнгі жиынның форматы да ерекше еді. Себебі бес жыл бойы жинаған деректер кітап болып жарық көріп, еңбек ақталды.

Аудан әкімдігінің үлкен залында «Ел қорғаған қайран ерлер» атты тарихи энциклопедияның тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Альберт Есалиев және энциклопедияның редакция алқасы, шақырулы қонақтар қатысты.

Энциклопедия жарык корди (5)

Басқосу барысында тарихи еңбекті жарыққа шығаруда атқарылған жұмыстар арнайы бейнежазбада көрсетіліп, кітап жөнінде ақпарат айтылды. Энциклопедияның редакция алқасының жетекшісі Уәлиолла Әбішев кітаптың жарық көруіне атсалысқан азаматтарды атап өтіп, жинақтың мазмұнымен таныстырды.

Аудан әкімі Альберт Есалиев энциклопедияның құндылығын ескере отырып, редакция алқасына өз ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Альберт Темірболатұлы тарихи еңбектің жарық көруіне себепші болған Уәлиолла Әбішев пен деректерді жинақтауға атсалысқан Миржан Қарабалинге «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалін табыстады. Атаулы еңбекте екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға аттанған Казталов өңірі батырлары туралы деректер жинақталған. Тарихи энциклопедияның лентасын қию рәсімі ҰОС майдангерінің ұрпағы Тұрақбай Дүйсеновке ұсынылды. Кітаптың жарық көруіне атсалысқан азаматтар «Ардагерлер кеңесі» жанындағы қор атынан арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды.

Энциклопедия жарык корди (6)

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақалаға негізделіп арнайы бағдарлама да қабылданды. Еліміздің әр өңірінде бағдарлама шеңберінде түрлі игі іс атқарылып келді. «Ел қорғаған қайран ерлер» энциклопедиясы да – рухани жаңғырудың келбеті. Бұл кітаптың тарихилығынан бөлек, оны құрастырудағы, деректерді іздеудегі редакция алқасының еңбегі зор. Тіпті заманның ағымына қарамастан өзгеге еліктемей, ауданымыздың тарихын зерттеуге өзіндік үлес қосқан жастарымыз да бар. Олардың да еңбегі еленіп, халық алғысына бөленді. Мәселен, редакция алқасының мүшелері Ақмарал Базарғалиева мен Мөлдір Ғазизова аудан әкімінің «Үздік волонтер – 2020» жастар сыйлығымен марапатталған болатын. Бұл өзге жастарға үлгі боларлық іс деп түйдік. Одан бөлек, кітаптың мазмұны екінші дүниежүзілік соғыс уақытында майданға аттанған ауданымыздың боздақтарын қамтыды. Көрші мемлекетпен келісімге келе отырып, арнайы рұқсат алу арқылы бес жылға жуық уақыт 6 мыңға жуық боздақтың өмірдерегі жинақталып, кітап бетінде жарық көрген. Бұл кітапты ауданымыздың келешек ұрпағы үшін де, ғылым үшін де таптырмас қазына деп бағалаймыз.

Энциклопедия жарык корди (2)

Кітаптың маңызы жөнінде аудан әкімі Альберт Есалиев энциклопедияның алғы сөзінде: «Біз жеңіс үшін жаумен айқасқан аға ұрпақтың, ажал құшқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында мәңгілік қарыздармыз. Жерлестеріміздің ерлігі өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік жатталып қалуы үшін кітапта баяндалған жәйттерге көңіл аударып, фашизммен күресте Ұлы Жеңіс қалай келгендігін анықтап, бағалай білуіміз керек. Соғысқа аттанып, елін қорғаған халқымыздың батыр ұлдары мен қыздарын есте сақтауға, ерліктерін үлгі тұту – бәрімізге ортақ парыз. Бұл біздің ата-бабаларымыз бен олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, біздерге бейбіт өмірді қамтамасыз еткендері үшін көрсетілген құрмет» деп пікір қалдырған.

Жас зерттеуші Ақмарал Базарғалиева өзінің атқарған жұмысымен мақтанатынын жеткізді.

– Бұл кітаптың редакция алқасына 2018 жылы мүше болдым. Алғашында қиын болғанымен, деректерді жинақтау мен Уәлиолла атамыздың жанында жүріп, біраз ақпараттан хабардар болған соң талпынысым үрейімді жеңді. Кейін бұл жұмысымды ата-баба алдындағы борышым деп қабылдап, Ыбырай Алтынсаринше айтсақ, «Қойға шапқан аш қасқырдай» белсене кірістім. Нәтижесінде зерттеу жұмысының маңызы мен тарихи сауатымды арттырдым. Энциклопедияда ауданымыздың 6000-ға жуық соғыс ардагерінің өмірі баяндалған. Бұны сол бабаларымыздың есімі ұлықталып, тарих жадында мәңгі сақталғандығы деп білемін. Кітап – келер ұрпақ үшін маңызы зор, құнды еңбек, - деді.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде атаулы еңбектің ІІ томы жарық көруі мүмкін деген пікір айтылды. Егер жүрегінің түгі бар, ата-баба алдындағы парызым деп білетін азаматтардың қолдауы болса, еріктілер де зерттеу жұмысын жүргізіп, еңбектенуге әзір.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале