15.09.2020, 9:45
Оқылды: 58

Казталовта құрылыс қарқынды

Казталов ауданында тұрғындардың әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруде. Биылдың өзінде Казталов, Жалпақтал ауылдарында 12 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері де салынуда. Бұл болашақта ауыл тұрғындарының тұрғын үйге деген кезегін шешіп, халықтың саламатты өмір салтына бейімдейтіні сөзсіз.

Kaztalov (1)

Аудандағы құрылыс жұмыстары туралы мәлімет алу үшін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне бас сұғып, аталмыш мекеменің басшысы Әділжан Өтебаевқа жолықтық. Мекеме басшысы құрылыс жұмыстары басталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын көрсетіп, біраз мәліметке қанықтырды. "Мың рет естігенше, бір рет көр" демекші, өзімізде аталмыш құрылыс нысандарын аралап, көріп қайттық.

Kaztalov (2)

Ауданымызда соңғы уақыттары құрылыс нысандарының артуы, аудан экономикасының алға жылжуына өз септігін тигізуде. Өңіріміздегі ірі инвестордың қаражаты есебінен бірқатар құрылыс нысандары бой көтеруде. Солардың бірі – бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен сауықтыру шараларын қолға алу мақсатында аудан орталығында 320 көрермен орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Мерзімі 14 айды қамтитын, ағымдағы жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстарын Қарашығанақ кен орнындағы KPO.b.v. компаниясы Қазақстан Республикасындағы филиалының тапсырысымен «ТасқалаТрансГаз» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл, әрине, өз кезегінде аудан спортының дамуына да, жас спортшылардың спортпен шұғылдануына да септігін тигізері анық. Дәл осындай 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені Жалпақтал ауылында да салынуда.

Kaztalov (3)

Аудан орталығында болашақта Шарафутдинов көшесінде 12 пәтерлі 2 қабатты екі тұрғын үй кешені бой көтеретін болады. Бүгінгі таңда тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын «Нұр Құрылыс-Болашақ» ЖШС атқаруда. Құрылыс жұмыстары биылдың шілде айында басталған тұрғын үйдегі пәтерлер 2 бөлмелі, жалпы ауданы 59-63 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының мерзімі – 12 ай. Тұрғын үйлер алдағы уақытта көпбалалы аналар мен басқа санаттағы кезекте тұрған тұрғындарға беріледі деп жоспарлануда. Жалпақтал ауылының Байқоңыр көшесі бойында да 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Халық игілігі үшін бой көтерер ғимараттың құрылыс жұмыстарына «Design Shool» ЖШС тартылған. Нысанның құрылыс мерзімі – 5 ай. Қазіргі уақытта даулы мәселелердің бірі баспана жайы болғандықтан, аталған құрылыс нысандары үй кезегінде тұрған азаматтар мен көпбалалы жанұялардың қуанышы болмақ.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале