27.07.2021, 17:07
Оқылды: 33

Казталовта мал азығы тасымалдануда

Казталов ауданында алдағы қысқа мал азығын дайындау жұмысы қарқынды жүруде. Биылғы жауын-шашын мол болғанымен кейбір ауылдық округтерде шөптің шығымы төмен болып, қажетті мөлшерде мал азығын дайындау қиындық туғызып отыр.

казталов (2)

 Атап айтсақ, Қараөзен, Жалпақтал, Жаңажол, Қарасу ауылдық округтеріндегі жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарына қажетті шөп жеткізу мəселесі тұр. Осы мəселені оңтайлы шешу үшін аудан əкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев пен аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов шаруа қожалықтарының пайдаға асырмай, бос жатқан шабындықтарын шаптырып, жоғарыда аталған ауылдық округ тұрғындарына тасымалдауды ұйымдастыруда.

Осы жұмыстың қалай жүзеге асып жатқанын білу мақсатында Талдықұдық ауылдық округіне барып қайтқанбыз. Ауданның шалғай орналасқан округтерінің бірі Талдықұдықта біраз шабындық жер  бар. Округ орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Пшат көлінде биыл шөп молынан шыққан. Тасқала ауданымен іргелес орналасқан бұл аумақта  шабындық жер бар. Шөп ору мен тасымалдау жұмысының басында жүрген аудан əкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевті əңгімеге тарттық.

- Биыл аудан бойынша шөптің шығымы орташа деңгейде. Дегенмен кейбір ауылдық округтерде бұл көрсеткіш төмен. Осыған орай шөбі шүйгін жерлерді қарастырып, мақсатына пайдалана алмай жатқан қожалықтардың жерін шапқызып, тасымалдау жұмысын ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін. міне, Талдықұдық аумағындағы бос жатқан шабындық жерді "Алишер" шаруа қожалығы шауып, шабындық басынан бір бума шөпті 3 500 теңгеден сатуда. Осы жерден жоғарыдағы бағамен сатып алынып, Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол ауылдық округтеріне апарған кезде бір бумасы 6000 теңгеге сатылады. Тасымалдау жұмыстарына да арнайы техникасы бар шаруашылықтарды тартып отырмыз. Бұл жерде шөптің өнімділгі жаман емес. Шамамен əр гектарынан 8 центнер шөп орылуда. Бірақ мал азығымен ауданды толықтай қамтып алмай, өзге аудандарға шығармаймыз. Бұл мəселе қатаң бақылауда болмақ. Осындай шөп шабу жұмыстарын ауданның басқа да аумақтарында ұйымдастырудамыз, - деп сөзін түйіндеді Рүстем Мүлкайұлы.

казталов (1)

Біз де шабындық басын аралап көрдік. Көкжиекте қос трактор үндесе шөп орып жатса, тағы қос трактор "КамАЗ", автокөлігіне шөп тиеп əлек. Таңнан кешке дейін тыным таппай еңбектеніп жатқан жандар. Бəрі қыстың қамы...

P.S "Шөп неге қымбат?" деп сұрайтын ағайынға: «Бірінші Талдықұдықтай шалғайға барып, шөп орып көріңіз» дер едім. Ара қашықтық Жалпақталға дейін 100 шақырым. Сосын оны "КамАЗ"-ға артып алып, жолсызбен тасуы керек. Техниканың жанармайы мен сынатыны тағы бар. Бейнеті көп жұмыс. Бірақ үйде, диванның үстінде жатқандар мұның бəрін қайдан ұқсын?! Еңбекті бағалай білейік!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале