13.07.2022, 12:30
Оқылды: 40

Казталовта маңызы зор жобалар жүзеге асырылуда

Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсіл бар. «Еңбектің наны тәтті» деп кәсіп бастаған азаматтар қатары Казталов ауданында да артып келеді. Мәселен, ауданымыздың 15 323 экономикалық белсенді халқының ішінде 2276 адам кәсіпкерлік саласында қызмет етеді. Биылдың өзінде құны 1326,4 млн теңгені құрайтын 67 жоба кәсіпкерлік картасына енгізіліп отыр.

Маншук Елтайкызы

Суретте: Мәншүк Батырова

Статистикаға көз жүгіртсек, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша ауданда 1394 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде шағын орта кәсіпкерлікпен айналысатын 84 заңды тұлға, 432 жеке кәсіпкерлік, 878 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

2021 жылдың қаңтар-желтоқан айларының қорытындысына сай аудандағы кәсіпкерлік саласында 16 247 млн теңгенің өнімі өндірілсе, басым бөлігі шағын орта кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғаларға тиесілі (5545 млн теңге). Ал жеке кәсіпкерлер 1322 млн теңге, шаруа қожалықтары 9 380 млн теңгенің өнімін өндірген. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі мамандарының дерегіне сүйенсек, ауданда 300-ге жуық кәсіпкерлік нысаны жұмысын жүргізуде. Осы бөлімнің бас маманы Мәншүк Батырова кәсіпкерлік саласы бойынша өткен жылдың қорытындысына тоқтала отырып, биыл жүзеге асырылатын жобалар жөнінде баяндап берді.

– 2021 жылы ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында жалпы құны 927 млн теңгені құрайтын жобалар белгіленіп, кәсіпкерлікті дамыту жоспарына енгізілді. Соның ішінде жыл соңына дейін 453 млн теңгенің жобалары іске қосылды. Қалғандары түрлі себепке байланысты келесі жылға шегерілді. Өткен жылғы инвестициялық жобалардың орындалуы бойынша Көктерек, Болашақ, Талдыапан, Қараоба, Қошанкөл, Қайыңды ауылдық округтері алдыңғы қатарда тұр.

2022 жылы құны 1326,4 млн теңгені құрайтын 67 жоба кәсіпкерлік картасына енгізіліп отыр. Жобалардың жүзеге асуы, әлбетте, қаражатқа тікелей тәуелді екені айтпаса да белгілі. Жобалардың басым бөлігі Казталов ауылдық округінен. Аталған ауылдық округте биыл 16 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Жалпақтал ауылдық округі – 7, Қараөзен – 7, Бостандық – 5, Тереңкөл – 4, Бірік – 4, Қараоба – 3, Көктерек – 3, Ақпәтер – 3, Қайыңды – 3, Қошанкөл – 3, Жаңажол – 3, Қарасу – 2, Талдықұдық – 2, Болашақ – 2 және Талдыапан ауылдық округінде 1 жоба жүзеге асырылады. Осы ретте «Жас келсе – іске» дегендей, округ әкімдерінің жаңашылдық бағыттағы белсенділігін ерекше атап өтуіміз керек, – дейді бас маман.

Мәншүк Елтайқызы салада «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да оңтайлы жүзеге асырылып жатқанын, жобалар да халық сұранысы негізінде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. 67 жобаға зер салсақ, басым көпшілігі – әлеуметтік маңызы бар нысандар. Оның ішінде маңызы зор ірі жобаларға тоқталайық.

«Жансая» ЖК-ның бастамасымен Казталов ауылында супермаркет салынып жатыр. Сонымен қатар аталған ауылда «Меркурий» ЖШС жанар-жағармай бекетін іске қосып, «Береке» ЖК 250 орындық мейрамхана құрылысын аяқтайды деп жоспарлануда. Бірікте «Миялы» ШҚ наубайхана және ет, сүт өнімдерін сататын дүкен ашуды, Қараобада «ЕрҚанат» ШҚ мал бордақылайтын кешен салуды, Бостандықта «Зульфина» ЖК қонақ үй, асхана және шағын маркет ашуды жоспарлап қойса, көктеректік «Айтжан» ЖК қоғамдық монша құрылысын жүргізуді көздеп отыр. Ал Жалпақталда «Бөкейхан» ЖК дәнекерлеу қоймасын, «Ранида» ЖК қоғамдық монша мен сауна, «Нурхан» ЖК жиһаз дүкенін ашуды және «Диас» ЖК көлік жуу кешенін салуды ойластырған. Ақпәтерлік тұрғындар «Порт Артур» ШҚ-ның мал бордақылау алаңы мен «Елнұр» ЖК-ның қоғамдық монша жобасының игілігін көрмек. Қарасулықтар «Ис-Нур» ШҚ-ның шағын құс фабрикасы мен қоғамдық монша, талдықұдықтықтар «Берік» ШҚ-ның наубайханасы және «Ұзақбай» ШҚ-ның мал сою алаңын салу жобаларын қолдап отыр. Жаңажолда «Сартаев» ЖК-ның бастамасымен демалыс және аңшылық орталығы ашылып, ауданда туризмнің дамуына септігін тигізбек. Қошанкөлде сиыр сүтін өңдейтін орын ашылады деп жоспарланса, Қараөзен ауылдық округінде жеке тұлғалардың бастамасымен тігін цехы мен мал дәріханасы жұмысын бастайды деп күтілуде.

Кәсіпкерлердің беталысы жаман емес. Өткен жылдан қалған маңызды жобалар қатарынан «Данагүл» ЖК-ның компьютерлік сауат және робототехника орталығын ерекше атап өтуге болады. Қазіргі таңда құрылысы жүргізіліп жатқан орталықтың ауданда ІТ саласының дамуына, ІТ мамандары санының артуына септігін тигізері сөзсіз.

Мерхат Ибатов

Суретте: Мерхат Ибатов

– Бұл жобаны жүзеге асырудағы мақсатымыз – бәсекеге қабілетті ІТ мамандар даярлау. Себебі қазіргі техниканың дамыған заманында ІТ саласының әлеуеті артып отыр. Жұмыс орындарына да ІТ мамандарды қажет ететіні, сұранысқа ие мамандық екені айтпаса да түсінікті. Біздің орталықта оқушылар компьютерлік сауатын арттырып, сапалы, заманауи білім ала алады. Қазірдің өзінде шәкірттеріміз аудандық, облыстық байқауларда топ жарып, алған білімін іс жүзінде дәлелдеуде. Орталықтың өткен жылы ашылмауына қаржы мәселесі мен құрылыс тауарларының қымбаттауы себеп болды. Алайда мақсатымызға кедергі болған жайт жүйелі шешімін тауып, бүгінде орталық құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа жергілікті ауыл тұрғындарын тартып, уақытша ақылы жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта орталыққа білім беру үшін білікті мамандарды қабылдап, жұмыспен қамтимыз, – дейді орталық меңгерушісі Мерхат Ибатов.

казталов жоба

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы аясында ашылғалы отырған орталықта тек теориялық тұрғыда ғана емес, іс жүзінде де білім жетілдіруге болады. Ауданның белгілі ІТ маманы Мерхат Жеңісұлы жұбайы Данагүл Көбенқызымен бірге бірқатар жобаны жүзеге асырып, жас ІТ мамандардың болашағына жол ашпақ.

Жалпы кәсіпкерлердің бастамасы тұтынушылар үшін ғана емес, жұмыссыз азаматтар үшін де тиімді. Өйткені жаңа жұмыс орны ашылса, жұмыссыздар саны азайып, экономикалық белсенді азаматтар қатары артары сөзсіз.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале