Казталов ауданы орталығында Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты іс-шара өтті. С. Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында ұйымдастырылған мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Марс Белгібаев қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қос саланың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.

— Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз мемлекеттік қызметші күні және Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қай заманда да елдің қуаты – адал еңбек пен жауапты қызметте. Мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасын жалғаған алтын көпір болса, полиция қызметкері – қоғам тыныштығы мен заң үстемдігінің сақшысы. Бірі ел сенімін ақтаса, бірі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Бүгінде ауданымызда 127 мемлекеттік қызметші мен 66 полиция қызметкері халық игілігі жолында абыройлы еңбек етіп келеді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен адал қызметтеріңіздің арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығы қамтамасыз етілуде, — деген аудан әкімінің орынбасары бірқатар ведомстволық марапаттар мен аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің бастығы Марс Белгібаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып жүрген тәртіп сақшыларына ведомстволық марапаттарды тапсырды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ел игілігі мен қоғамдық қауіпсіздік жолында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлеріне көрсетілген құрмет олардың жауапты қызметіне деген жоғары бағаның айқын көрінісі болды.
Ернәсіл Рысқалиев,
Казталов ауданы
