18.06.2026, 17:15
Оқылды: 9

Казталовта Сағит Садықовтың 100 жылдық мерейтойы бастау алды

Бүгін Казталов ауданында Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын-сазгер, жазушы, мүсінші, сиқыршы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағит Бөкеұлы Садықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар бастау алды. Мерейтой аясында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов өнер иесінің ұрпақтарымен, әріптестерімен және мәдениет саласының ардагерлерімен кездесті.

image-18-06-26-01-02-5

Аудандық кітапхананың конференц-залында өткен басқосуда аудан басшысы мерейтой иесінің ел мәдениеті мен руханиятын дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталып, оның есімі аудан тарихында ерекше орын алатынын атап өтті.

– Ғасырлық белес кез келген адамға бұйыра бермейтін тағылымды тарих. Бұл мерейтой – бір әулеттің ғана емес, күллі Казталов жұртшылығының мерейлі мерекесі. Өйткені Сағит Бөкеұлының ғұмыры туған жердің тарихымен, мәдениетімен және рухани өмірімен біте қайнасып жатыр. Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Сағит Бөкеұлының артында қалған мол мұрасы – оның мәңгілік өмірінің белгісі. Оның әндері мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа рухани азық болып, туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетуде. Сіздер осындай дара тұлғаның аманатына ие болған бақытты жандарсыздар. Әке мен атаның абыройлы жолын жалғастырып, оның есімін қадірлеп, мұрасын насихаттап жүргендеріңіз үшін барша аудан тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін. Сағит Бөкеұлының өмір жолы бізге елге адал қызмет етудің, өнерді құрметтеудің, туған жерді сүюдің өнегесін көрсетеді. Осындай асыл тұлғалардың есімі мен еңбегін ұлықтау кейінгі ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Сағит Бөкеұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталып, рухани мұрасы халқымызбен бірге жасай берсін, – деді аудан әкімі.

image-18-06-26-01-02-3

Кездесу барысында Сағит Садықовтың ұрпақтары мен әріптестері, замандастары белгілі тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық қызметі туралы кеңінен айтылды. Майдангер өнерпаздың жастайынан ән мен күйге құмар болып өскені, Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ансамбль құрып, жауынгерлердің рухын көтеруге атсалысқаны, елге оралғаннан кейін аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны жөнінде сыр шертті.

image-18-06-26-01-02-4

Сағит Бөкеұлы ұзақ жылдар аудандық мәдениет үйін басқарып, ұлттық аспаптар оркестрінің, халық театрының, «Кешкі әуен» эстрадалық ансамблінің, «Қарлығаш» би ансамблінің және өзге де шығармашылық ұжымдардың қалыптасуына ұйытқы болды. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, аудандық мәдени-демалыс орталығына есімі берілген.

image-18-06-26-01-02

Шара соңында аудан әкімі мерейтой иесінің ұрпақтарына естелік сыйлықтар табыстап, Сағит Садықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған игі шаралардың табысты өтуіне тілектестігін білдірді.

image-18-06-26-01-02-2

Ал Сағит Бөкеұлының ұрпақтары да өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале