13.03.2021, 12:02
Оқылды: 65

Казталовта тұрғындардың бос уақытының тиімді өтуіне бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда

Казталов ауданында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес 12 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Каникулы off-line» фильмінің көрсетілімі болды. Комедиялық жанрдағы фильмді тамашалауға келген көрермендердің көпшілігі – жастар.

IMG-20210313-WA0006

Режиссер Руслан Акунның комедия жанрындағы фильмі жастарды өз кәсібін бастауға және бастаған істі соңына дейін жеткізуге үндейді. Фильмде ХХІ ғасырдың ащы шындығы да әзілмен астарлы жеткізілген. Балалардың қаланың заманауи тіршілігін қимай, өркениеттен артта қалған өңірге келуі әу баста ұнамағанымен, демалыс мерзімі аяқталған соң қалаға оралар шағында ауыл мен даланы, достарды қимау сезімі сезілді. Фильмде махаббат, достық, қимастық сынды сезімдер көрініс табады. Бастысы үш достың кәсіп ашу идеясынан туған лагердегі қызықтар арқылы біраз дүниелер суреттелген. Комедиялық жанрдағы фильмді тамашалай отырып көрермендер де ерекше әсер алды және бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған іс-шаралар қуантатындығын жеткізді. Ал аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Аңсар Ибраев алдағы уақытта да жастарға бағытталған шаралар жалғасын табады деп сендірді.

IMG-20210313-WA0007

- Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызының төрағалығымен аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыс тобы құрылып, кешенді іс-шаралар бекітілген болатын. Іс-шаралардың басым көпшілігі жастарға бағытталған. Бүгін аудан тұрғындарының назарына отандық комедия жанрындағы фильм ұсынылды. Алдағы уақытта да аптаның жұма күні фильм көрсетілімдері ұйымдастырылып отырады. Жалпы бекітілген жоспарға сай жауапты мамандарға хабарласып, іс-шаралардың өткізілу уақыты мен орынын біліп, санитарлық талаптарды сақтай отырып қатыссаңыздар болады, - деді Аңсар Ихсанұлы.

IMG-20210313-WA0005

Фильмнің көрсетіліміне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева арнайы қатысып, жастармен бірге фильмді тамашалады. Алдағы уақытта да аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатындағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.

IMG-20210313-WA0008

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале