18.01.2018, 11:37
Оқылды: 50

Қазталовта жылқы үйірмесі ашылды

Жоламан Есетовпен қазталовтықтар «күнде жүздеседі». Неге дейсіздер ғой? Ауданымыздың ауылдарындағы көшелерде ілініп тұрған барлық баннерлер Жоламанның қолынан шыққан. Жоламан – аудандағы полиграфия кәсібімен айналысып отырған жас кәсіпкер. Осындай еңбегінің нәтижесінде ол осыдан 2 жыл бұрын облыстық «Үздік жас кәсіпкер» аталымының жеңімпазы атанды.

Енді Жоламан тағы бір қырынан көрінуде. Жастайынан жылқы малын қадір тұтқан ол сәйгүліктер баптайды. Бәйге аттарын жаратады. Жоламанның жүйріктері аламан бәйгелерде топ жарып та жүр. Осындай кәсібін өзі ғана біліп қоймай, жасөспірімдерге үйретуді қолға алды.

Баптауындағы 7 сәйгүлікпен (ағылшын, қолтума тұқымдары) мектеп оқушыларына үйрету үшін тегін үйірме ашты. Жылқы десе делебесі қозатын қазақтың балалары емес пе? Үйірмеге үйіріліп қарадомалақтар көптеп келе бастады. Олардың ішінде тіпті қыз бала да бар. Бүгінде сол балалар бос уақыттарында Жоламанның қасынан табылуда. Олар атқа мініп үйренумен қатар бәйгеге шабу, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату ұлттық ойындарын да үйренуде. Сонымен қатар Жоламан оларға жылқы тарихы туралы дәріс те оқып жүр.

Біз барғанда қарадомалақтар атқа мініп-түсіп, мәз болып жүр екен. Оларды әңгімеге тартып едік, -Атқа мінсек, бәйгеге шапқымыз келеді, -деді. Міне, олардың бойында ұлттық рух оянып келеді. Былайша айтқанда «қазақ тарихын айтсақ жылқы тарихын айтамыз, жылқы тарихын айтсақ қазақ тарихын айтамыз» деген даналық сөз ойға оралады.

IMG_5216-Алдағы уақытта тай жарысын ұйымдастырамын. Сонымен қатар түрлі ұлттық ат спорты ойындарын да өткізу жоспарымда бар, -деді бізбен әңгімесінде Жоламан.

Міне, осындай ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтайтын, оны жасөспірімдерге үйретіп жүрген ісін  байқаған, әркез де жаңашылдық бастамаларға қолдау көрсететін аудан әкімі Абат Абайұлы Жоламанға жаңадан құрылып жатырған «Айбын» спорт клубы арқылы үйірме ашуға қолдау көрсететінін білдірген.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале