17.01.2023, 12:30
Оқылды: 37

Казталовтағы сыны мен дауы бітпеген мектеп құрылысы

Казталов ауданындағы түйткілді мәселелер қоғам назарынан тыс қалған емес. Әлеуметтік-экономикалық ахуал, инфрақұрылым жобалары, ауыл шаруашылығындағы түйткілдерді шешуде қоғамдық кеңестердің ықпалы артып келеді. 11 қаңтар күні аудан орталығындағы 600 орындық мектеп құрылысының жайы аудандық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында талқыланды.

IMG_2074

Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтың қатысуымен өтті. Кеңестің алғы сөзін алған аудан әкімі ауданымыздағы инфрақұрылымдық жобалардың жүргізілу барысы жергілікті атқарушы билік назарында екенін тілге тиек етті.

– Қоғамдық кеңес отырысында аудандағы нысандар құрылысының тұралап қалуы себебін талқылаймыз. Халықтың көкейінде «Бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдардың құзыреті қандай?» деген заңды сауал бар. Жалпы ауданымыздағы құрылыс нысандары біздің тікелей бақылауымызда. Дегенмен басқармалардың тапсырыс беруімен жүзеге асырылып жатқан жобалар құрылысының тұралауының себебін анықтап, аудан көлемінде халықтың талқысына салып, туындаған түйткілдерді жауапты органдарға хабарлау жергілікті атқарушы билік құзыретіне кіреді. Мәселен, Алма Оразбаева атындағы 600 орындық мектептің құрылысы барысында қымбатшылық орын алып, бұған қатысты қайта есептеу жұмысы жүргізілді. Мердігер 31 желтоқсанда мектеп құрылысы аяқталады деп сендірді. Алайда өткен жылдың аяғына дейін ішкі әрлеу жұмысы жүргізіліп, биылғы жылдан бастап құрылысы тоқтады. Бұл жерде қандай мәселе бар? Шешу жолы қандай?, – деді Рүстем Мүлкайұлы.

IMG_2075

Аудан әкімінің бұл сауалы тікелей құрылыс басқармасына бағытталған еді. Сұраққа БҚО құрылыс басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы Парасат Жұмағалиев жауап берді.

– Казталов ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысмонтаж жұмысы 2020 жылдың ақпан айында басталды. Құрылыс барысында 2021 жылы сметалық құжаттамада темірбетон бағандары, Орал қаласынан Казталов ауылына дейін 330 шақырымда тасымалдау жұмысы, сондай-ақ құрылыс материалдарының күрт инфляциялық қымбаттауына байланысты түзету жасалды. Осы жылы ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудит жүргізді. Нәтижесінде 2021 жылғы 30 шілдедегі №132 аудиторлық есеппен құрылысмонтаждау жұмысының 44 пайызға орындалғаны немесе 885,664 мың теңге игерілгені расталды. Яғни түзету қалған 56 пайызға немесе игерілмеген 1 124,971 мың теңгеге жүргізілді. Қымбаттау сомасы 668 030 мың теңгені құрады. Мемлекеттік сараптамамен түзету кезінде аталған көлік шығысы сметалық құжаттамадан алынып тасталды, яғни жобалық-сметалық құжаттамада мердігер Казталов ауылындағы барлық құрылыс материалын сатып алуға тиіс. Аудан орталығында қажет материалдарды сатып алатын құрылыс дүкендерінің болмауына байланысты мердігер Орал қаласынан тасымалдады. Тасымалдау шығыны 273 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта бас мердігер «Жиенбай» ЖШС 273 млн теңге көлемінде құрылыс материалдарын тасымалдау шығынын өтеуге сотқа талап-арыз жолдады және осыған байланысты нысанның құрылысы тоқтатылды. Соңғы шешімді сот қабылдайды, – деді бас маман.

IMG_2076

Парасат Бауыржанұлының мінбердегі кібіртіктеп берген жауабы қоғамдық кеңес мүшелеріне жақпай қалды ма, әйтеуір маңызды мәселе талқыланған келелі жиынға басқарма басшысының немесе орынбасарының емес, маманның келуі аудандық қоғамдық кеңесті менсінбеушілік деп сынға алды кеңес мүшелері.

600 орындық мектеп құрылысының тапсырыс берушісі – БҚО құрылыс басқармасы. Жобалаушы және авторлық қадағалушы – «InnovationCenterProject» ЖШС, техникалық қадағалауға «Стройинтеграция» салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясы» ЖШС жауапты. Мектептің құрылысына 2 млрд 678 млн 666,4 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 2 млрд 436 млн 407,4 мың теңге қаржы игерілген. 2022 жылы жергілікті бюджеттен инфляция төлемі үшін 814 млн 716 мың теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 146 млн 686 мың теңге үнемделіп, бюджетке қайтарылған. Бұған дейін құрылыс жұмысының пандемия уақытында және материалдардың қымбаттауына байланысты тұралағанын ескерсек, бастапқы 18 ай мерзім де ұзартылған.

 

Хош. Мәселенің жай-жапсары түсіндірілді. Басқарма өкілі қазіргі уақытта құрылыстың 90 пайызға жуығы аяқталып, қыркүйек айына дейін сыртқы әрлеу және абаттандыру жұмысы жүргізілетінінен хабардар етті. «Сақалды» құрылысқа айналудың аз-ақ алдында тұрған нысан сараптамадан өткізілген уақытта бұл мәселенің ескерілмеуі баланың ойыны іспеттес деген баға берді аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев.

– Мектептің құрылысы сараптамадан өткен кезде тасымалдың ақшасы алынып тасталғаны белгілі болды. Сол кезде бұл мәселе неге көтерілмеді? Сіздердің сараптама кезінде бұл мәселені ескермеулеріңіз баланың ойынымен бірдей болып отыр. «Қолды мезгілінен кеш сермеп», сотқа береміз деп ақталып отырсыз. Демек, ол сот процесінің де мерзімін ескерсек, мектеп құрылысы қыркүйек айына дейін бітпейтіні анық!, – деді ол. Сәрсенбай Меңдіжанұлының сөзін жалғаған Сисенғали Нығметов жобаға әу баста дұрыс көңіл бөлінбеген деп кейіді.

InShot_20230117_120737488

– Қай құрылыста да алдымен жобалық-сметалық құжаттама жасақталады. Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылыс жұмысын жобалаған мекемені де сұрақтың астына алуымыз керек еді. Егер келісімшартта жол шығыны, темірбетон орнату немесе тасымалдауда кемшілік байқалған болса, неге мемлекеттік тапсырыс жасалған? Ылғи еститініміз бос есеп. Жоба жасақталып, мердігер анықталып, құрылысы басталған соң осындай кемшіліктер орын алған уақытта жауаптылар мәселені бір-біріне сілтеп, «доп ойнау» басталады, – деді қоғамдық кеңес мүшесі.

Бұл сұрақтарға да мардымды жауап болмады. Бір түсінгеніміз, мектеп құрылысы уақытында аяқталсын десек, соттың шешімін күтуіміз керек және мердігер «Жиенбай» ЖШС жеңіп шыққанда ғана құрылыс жалғасады. Ал жеңілер болса, Александр Қарағойшин аппеляциялық сотқа шағым беріп, мәселені соңына дейін жеткізетінін атап өтті.

b89a33c8-ccfd-4015-8d88-44ac105ef74a

– Құрылыс жұмысындағы орын алған кемшіліктер жөнінде жауапты органдарға ескерттік. Олар сол уақытта назарға алатынын жеткізді. Түптеп келгенде, оң шешім қабылданбады. Мен мектеп құрылысын аяқтауға мүдделімін. Сот оң шешім қабылдайды деп сенемін, – деді мердігер.

Мердігердің жауабына қанағаттанбаған Марат Тоясов «Жиенбай» ЖШС-ның мектеп құрылысын аяқтауға ниеті жоқ екенін тілге тиек етті.

– Александр мырзаның жауабынан құрылысты жалғастыруға ниеті жоқ екенін байқап отырмыз. Қазіргі таңда балалардың апатты деп танылған мектепте білім алып жатқанын ескерсек, үміттен үрей басым болады. Ертеңгі күні мектеп қабырғасы құламасына кім кепіл? Елдің қамын ойлаған азамат болса, мәселенің шешімін күтпестен жұмысын жалғастырар еді, – деді ол.

«Жиенбай» ЖШС-ның жұмысы сапасына қатысты Казталов аудандық ауруханасының шаруашылық меңгерушісі Нұрлан Құсайынов та дау көтеріп, аурухананың күрделі жөндеуі сапасыз жүргізілгенін атап өтіп, қоғамдық кеңесті бұл мәселеге назар аударуға шақырды. Әйтсе де мердігер бес жыл кепіл берілген мерзім бар екенін ескертіп, егер кемшілік анықталған болса, қалпына келтіретінін жеткізді.

Жиында құрылыс жұмысына қатысты мемлекеттік тапсырыс беру, жобалық-сметалық құжаттама жасақтаудағы олқылықтар сынға ілікті. Қоғамдық кеңес төрағасы Мағауия Сансызбайұлы қорытынды сөзінде қандай да бір жоба алдымен халықтың талқысынан өтуі керектігін айтты.

– Қоғамдық кеңес – ойын емес, аудандағы түйткілді мәселелер талқыланып, қорытынды шығаратын алаң. Жалпы, еліміз бойынша құрылыс жұмысының кешігу үрдісі байқалып отыр. Осы тұста ауданымыздағы қандай да бір инфрақұрылым жобасы халық талқысына салынуы керек деп есептеймін. Отырыста көтерілген мәселе бойынша ұсыныс-пікірлер назарға алынып, тиісті қаулы қабылданды. Алдағы уақытта өңіріміздегі тұралап қалған құрылыс нысандары жөнінде облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтеді. Жиында құрылысы тұралаған мектеп тағдыры міндетті түрде көтеріледі, – деп қорытындылады ол жиынды.

Қоғамдық кеңесте аудандық мәслихаттың бірқатар шешімі мен Казталов ауданы әкімінің 2021 жылғы 22 шілдедегі №19 «Казталов ауданы аумағында жергілікті ауқымды табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешімінің күшін жою мәселесі қаралды. Жиында жасалған хабарламалар мен айтылған ұсыныстар, сыни пікірлер назарға алынып, қаулылар қабылданды.

Түйткіл бақылауда болғанымен, әлі шешілмей отыр. Кінәлі кім? Ол да белгісіз. Оқушылар ескі, апатты деп танылған ғимаратта үрейленіп білім алуға мәжбүр. Халықтың тілеуі – баласының амандығы. Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауында білім ордаларының құрылысын сапалы жүргізуге ерекше мән береді. Ал аймақтағы жауапты органдар Президент тапсырмасын елегісі келмей ме? 600 орындық мектеп ғимараты да «сақалды» құрылысқа айналмаса игі...

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале